Австралияда тышқандардан қорыққан фермерлер егін егуден бас тартып отыр

Австралияда тышқандардан қорыққан фермерлер егін егуден бас тартып отыр

Австралия фермерлерін тышқандар әбден әлекке салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы ахуал күрделі. Өңірде кеміргіштер қаптап кеткен. Мамандар бұл кейінгі 10 жылда болмаған жағдай деп отыр. Тұрғындар тышқандар мектеп пен ауруханада да көптеп жүргенін айтады. Бірақ бәрінен бұрын фермерлерге оңайға соқпай тұр. Кейбір шаруалар тіптен олар өнімді жойып жібере ме деп қауіптеніп егін егуден бас тартып жатқан көрінеді. Негізі былтыр елде астық көп жиналған екен. Кеміргіштердің қаптап кетуінің бір себебі осымен байланысты. Сонымен қоса қуаңшылықтан кейін жаңбыр мол жауған. Бұл да тышқандардың көбеюіне қолайлы жағдай саналады. Ал құзырлы огранар әзірге оларды улауға рұқсат бермей отыр. Өйткені бұл жергілікті фауна үшін қауіпті болуы мүмкін дейді.

Коди Брейди, фермер:

– Біз тышқандар кесірінен шығынға батып жатырмыз. Ол аздай қазіргінің бәрі психологиялық жағдайымызға да кері әсер етіп отыр. Алаңсыз ұйықтаудан қалдық. Бұл кеміргіштер бүкіл жерде жүргендей сезіледі.