Бағдатта қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Ирак астанасында қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік әскері көшеде күні-түні кезекшілік жасауға кірісті. Бұған халық жасағының басшысы Қасым Муслехтің қамауға алынып, Бағдатқа оның қарулы жақтастарының жиналуы себеп. Олар шетелдік елшіліктер мен үкімет ғимараттары орналасқан ауданда шеруге шықты. Билік Муслехке АҚШ әскері орналасқан базаға шабуыл жасады деген айып тағып, лаңкестікпен күрес заңы бойынша қылмыстық іс қозғады. Муслех Анбар провинциясындағы халық жасағын басқарады. Бұл құрылым негізінен Иранның қолдауына ие шиіттік сарбаздардан тұрады. Ирак билігі оларды 2014 жылы ДАИШ лаңкестік ұйымына қарсы соғыста пайдаланды. Бірақ АҚШ билігі бұл жасақты Таяу Шығыстағы ең қауіпті қарулы топ деп санайды. Сарапшылар Муслехтің қамауға алынуы АҚШ пен Иран арасының ушығып бара жатқанын білдіреді дейді.