Үндістанда «Яас» циклонынан кем дегенде бес адам көз жұмған

Сәрсенбіде Үндістанның шығысындағы Одиша және Батыс Бенгалия штаттарында ағаштардың құлауынан және тропикалық «Яас» циклонының әсерінен үйлердің құлауынан кем дегенде бес адам қайтыс болды.

ANI агенттігінің хабарлауынша, төрт адам Одишада және біреуі Батыс Бенгалияда циклонның құрбаны болды.

Одишада төрт метрлік толқыннан жағалаудағы және ойпатты аудандардағы 130-ға жуық ауылды су басып қалды. Штаттың бас министрі Навин Патнаик зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарын азық-түлік және ауыз сумен қамтамасыз етуді және жағалаудағы аудандармен көлік қатынасын қалпына келтіру және электрмен жабдықтау шараларын қабылдауды тапсырды.

Батыс Бенгалия билігі табиғи апаттан штатта шамамен 10 миллион адам зардап шеккенін хабарлады. «Яас» тұрғын үйлердің қирауына, жолдардың су басуына әкеліп соқты, циклон ауыл шаруашылығының әртүрлі секторларына да айтарлықтай зиян келтірген.

Үндістанның метеорологиялық департаментінің хабарлауынша, сәрсенбі күні кешке «Яас» циклонының күші бәсеңдеген, алдағы 12 сағатта әлсірейді деп күтілуде.