Климаттың өзгеруі әлемді апатқа ұрындыруы мүмкін

«Үлкен жиырмалық» елдері жаһандық жылыну мәселесін шешумен бас қатырып әлек. Әлемнің бақуатты елдері экологиялық бағдарлама аясында алға қойған мақсаттарына әлі де қол жеткізе алмай отыр. Вериск МәплКрофт ((Verisk Maplecroft)) атты Халықаралық консалтинг компаниясының сарапшылары осылай дейді. Олардың айтуынша, G20 елдерінің көмірқышқыл газынан арылуына ондаған жылдар қажет. Ал климаттың өзгерісі мұны күтіп тұрмайды. Зерттеушілер бұл мәселеде шешуші рольді АҚШ пен Қытай атқаруы мүмкін дейді. Ал Еуропа елдері арасында Париж келісімі аясында басты қадамдарды Ұлыбритания, Франция және Германия билігі қолға алған.

Таяуда БҰҰ Климат өзгерісі бойынша конференция басшысы Алок Шарма да жаһандық жылыну проблемасына баса назар аударып әлем елдерін бірлесе күресуге шақырды. Оның айтуынша, табиғаттың ластануын тежеу үшін тиісті шараларды қазірден бастап қолға алу керек.

Алок Шарма, БҰҰ Климат өзгерісі бойынша конференциясының басшысы:

- Адамзат өзі тұрып жатқан жерін өз қолымен құртып отыр. Өнеркәсіптерден шыққан парник газдардың салдарынан табиғаттағы тепе-теңдік бұзылады. Оның зардабы қиын болуы мүмкін. Жаһандық ауа температурасы көтеріліп келеді. Өткен жыл соңғы онжылдықта ең ыстық кезең болды. Ал кейінгі 30 жылда біршама маржан рифтерінен айырылдық. Әлемнің түкпір-түкпірінде орман өрттері жиі тіркеле бастады. Қоршаған ортаның ластануынан өзіміз, балаларымыз тұншығып отырмыз. Қазірден бастап ойланып, мәселенің шешімін таппасақ алдын ала алмайтын апатқа тап боуымыз мүмкін. Мамандардың ғылыми зерттеулері бұған дәлел болып тұр. Болашағымызға біз жауаптымыз.

Бүгінде Париж келісімі мен климат бойынша халықаралық ұйымдардың басты мақсаты Жер бетіндегі температураны 1,5 градус Цельсийде сақтап қалу. Ал Дүинежүзілік метеорологиялық ұйымның сарапшылары болса алдағы 5 жылдың ішінде керісінше ауа температурасы ең жоғарғы көрсеткішке дейін жетуі ықтимал  деп дабыл қағады. 

- Бұл алаңдататын жайт. Әлем елдері парник газдық бөлінуін шұғыл қысқарту керек. Әр мемлекет өз міндетін атқарса ғана нәтиже шығады. Ауа температурасы 1,5 градустан асса жаһандық жылыну өрт, тасқын мен қуаңшылық апаттарына әкелуі мүмкін. Мемлекеттер экономикалық жағынан да  орасан зор шығынға батады.

                                                                                                                      Петтери Таалас, Дүинежүзілік метеорология ұйымының бас хатшысы

Таяуда АҚШ-тың бастамасымен ұйымдастырылған Халықаралық климат саммитіне 40-тан астам мемлекет қатысты. Жиында парник газдың бөлінуін тоқтататын «жасыл курсты» бірқатар ел мақұлдады. Олардың арасында Еуроодақ елдері мен АҚШ бар. Жалпы Америка президенті Джо Байден 2030 жылы атмосфераға бөлінетін парник газды екі есеге қысқартуға ниетті. Ал 2050 жылға қарай оның бөлінуін нольге дейін төмендетпек. Ал Қытай бұл мәселені ел конституциясы деңгейінде қарастырып отыр. Таяуда Нидерланд соты Shell мұнай-газ компаниясын ауаға зиянды қалдық шығаруды азайтуға міндеттеді. Үкімге сәйкес, британ-нидерланд бірлестігі 2030 жылға қарай ауаға шығаратын көмірқышқыл газын 45 процентке қысқартуы керек. Табиғатты қорғаушылар мұны тарихи шешім деп отыр. Себебі оның өзге энергетикалық бірлестіктерге қатысты істерге ықпалы күшті болады деген пікірде. Бірақ бұл шешім тек Нидерланд аумағында ғана құзыретті.

Роджер Кокс, адвокат:

– Бұл өте маңызды шешім. Себебі сот әлемде алғаш рет ауаны көмір қышқылымен ластап жатқан ірі бірлестікке климаттың өзгеруімен күресуге атсалысуды міндеттеді. Енді компания зиянды қалдықтарын 2030 жылға қарай жартылай қысқартуы тиіс.

Атмосфераға зиянды қалдықтар бөлуді қысқартуға мүдделі елдер енді инвестицияны баламалы қуат көзіне құюды жоспарлап отыр. Осылайша біртіндеп мұнай, газ және көмір кен орындарын қаржыландыруды тоқтатпақ ниетте.

Сондай-ақ...