425,78 518.00 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресейде үй жануарларына ковидке қарсы вакцина салып жатыр

  • 119
  • UPD: 23:01, 27.05.2021

Әлем корнавируспен күресте вакциналау қарқынын үдете түсті. Жұртты екпе алуға ынталандыру үшін түрлі ұтыс ойындарын ұйымдастырып жатқандар бар. Ал іргедегі ресейліктер адам тұрмақ жануарларды да вакциналап жатыр.

Ресей үй жануарларын вакциналап жатыр. Жұмысты мал дәрігерлік емханалар атқарады.

Ғалымдардың айтуынша, екпеден кейін жануарлардың бойындағы иммунитет жарты жылға дейін сақталады. Негізі коронавирусқа қарсы бұл препарат наурыз айында сынақтан өткен. Кейін жануарларға арналған әлемдегі алғашқы вакцина ретінде тіркелді. 

Юлия Мелано, «Россельхознадзор» басшысының кеңесшісі:

- Қазір біз бұл вакцинаны Еуроодақта тіркету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл іске Польша, Германия мен Венгрия өте мүдделі болып отыр. Сондай-ақ Таиланд, Жапония, Малайзиямен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ертең біздің вакцинаны Перуде тіркеу және жеткізу мүмкіндігін талқыламақпыз.

Ал Иракта адамдар вакцина салғызбай жатыр. Елді ынталандыру үшін бұл іске енді жергілікті дәмханалар кірісіп кеткен. Сөйтіп, Бағдадтағы дәмханалардың бірі екпе салдырған әр азаматқа тегін кофе беруді қолға алған.

БЛИЦ:

- Меніңше, екпе салдыру қажетті нәрсе. Оның керегі болмаса әлем елдері азаматтарды вакциналауға шақырмас еді.

- Вакцина салдыру көрсеткіші төмен. Себебі тұрғындар одан қауіптенеді. Препаратқа күмәнмен қарайды. Коронавирусқа да сондай көзқараста болған еді.

АҚШ азаматтарының тең жартысы вакцина алғанына қарамастан Америка билігі ынталандыру шараларын тоқтатпақ емес.  

Мәселен, Огайо билігі әр апта сайын 1 миллион доллар ойнатылатын лоторея ұйымдастырды. Оның алғашқы жеңімпазы да беліглі болды.

Майк Девайн, Огайо штатының губернаторы:

- Жеңімпаздың есімін атауға қуаныштымын. Ұтыс ойындарының арқасында вакциналау қарқыны 45 процентке артты. Бұл үдеріс әрі қарай осылай жалғаса береді деп сенемін.

Сан-Марино мемлекеті вакциналық туризм жобасын іске қосты. Жұрттың 70 процентінен астамы екпе алып, ел ішінде науқас қалмағандықтан шенеуніктер енді артық дәріні өзгелермен бөліспек. Яғни қонақ үйге кемі 3 тәулік түнеген шетелдіктерге 50 еуроға препараттың екі дозасын алу мүмкіндігі беріледі. Осылайша екі тараптың да пайдасы ескерілген.

Хабар 24 телеарнасы