Германияда жеткіншектерді вакциналау маусым айында басталуы мүмкін

Балаларды егуге «Байонтек» пен «Пфайзердің» бірігіп шығарған препараты қолданылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ науқан тек Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігінің рұқсатынан кейін қолға алынбақ. Шешім Еуроодақ саммитінен кейін қабылданған. Егер вакцина бекітілсе, Германияда жасы 12-ден асқан балаларды маусымның 12-нен бастап егу жоспарлап отыр. Шара ерікті түрде жүргізіледі.

Еске сала кетейік, Германияда халықты жаппай вакциналау жүріп жатыр. Адамдарды коронавирусқа қарсы егу тегін.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Біз ақпан айында-ақ Германияның кез келген азаматының коронавирусқа қарсы екпе алуына мүмкіндік жасау туралы мақсат қойғанбыз. Алға қойған міндетті жаздың аяғына дейін орындаймыз деп үміттенемін. Бағдарлама 12 мен 16 жас аралығындағы балаларды егуді де қарастырады. Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі бұған жуық арада рұқсат береді деген ойдамыз.