COVID-19: Бельгия шектеу шараларын алып тастауы мүмкін

Себебі, билік оларды тоқтату үшін алға қойған кей міндеттерге қол жеткізген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде жансақтау бөлімдерінде емделіп жатқан науақастардың саны 500-ден төмендеген.

Брюссельдегі ең ірі вакциналау орталығының бірі Хейзель деп аталады. Індетке дейін бұл ғимаратта ірі көрмелер өткен. Қазір мұнда күніне 3 мың адамға дейін екпе егіледі.

Эмин Лука, Brussels EXPO бас атқарушы директоры:

- Бастапқыда біраз қиындықтар болды. Азаматтар жаңа электрондық платформа арқылы егілуге тіркеле алмады. Қазір бәрі дұрысталды. Вакцинаны жеткізу бойынша мәселелер де шешілді.

Орталыққа келген әр адамға 45 минут бөлінеді. Оның жарты сағаты вакцина салдырған азаматты бақылауға арналған. Екпе алған адам өзін жақсы сезіну үшін барлық жағдай жасалған. Зал үнемі желдетіліп, көңілге жайлы музыка ойнап тұрады.

Николя Фельдс, Брюссель тұрғыны:

- Мен бүгін «Файзер» вакцинасының екінші дозасын алдым. Бәрі жақсы болды. Бірінші дозаны алған кезде де еш кері жанама әсерлер болған жоқ. Бірақ әйелімнің ине салған жері қызарып үш күннен кейін қайтты. Ал вакцина салдыруымның себебі бізге ұжымдық иммунитет қажет. Өз басым медицина мен ғылымға сенемін.

Бірақ кей компаниялардың вакциналары төңірегінде бірқатар мәселе туындағаны белгілі. Егер «АстраЗенека» бастапқыда екі дозаны 12 аптадан кейін салдыру керек болса қазір ол 2 айға дейін қысқартылған. 

Эмин Лука, Brussels EXPO бас атқарушы директоры:

– Өкінішке қарай «Джонсон энд Джонсон» вакцинасын салдырған жас әйелдің қазасынан кейін енді бұл екпе 41 жастан асқан адамдарға ғана салынып жатыр. Біз бұл екпені қолданбасақ та осы оқиғаға қатысты толық сараптаманы күтіп отырмыз. Жалпы бұл екпе бір дозалық болғандықтан, үйде аурып жатқандар мен орталыққа келе алмайтын қарттарды егуге ыңғайлы.

Ал Брюссельдегі орталықта күніне 3 мың адамды вакциналау үшін 90 қызметкер жұмыс істейді. Олардың жартысы – дәрігерлер. Қалғаны – техникалық қызметкерлер. Орталық таңғы сегізден кешкі 5-ке дейін жұмыс істейді. Бірақ келесі аптадан бастап препарат жеткізу көлемі артатына байланысты жұмыс уақыты 12 сағаттық жұмыс кестесіне көшу жоспарланған.

Эмин Лука, Brussels EXPO бас атқарушы директоры:

- Бельгияда халықты вакцинаалу жемісін бере бастады. Елде індетті жұқтыру азайды. Жансақтау бөлімдерінде науқастар саны 500-ден азайған. Бұл биліктің мейрамханаларды толық ашып, шетелге саяхатты қалпына келтіру үшін қойылған басты шарт болған еді. Брюссель Еуроодақта алғаш болып жасыл сертификаттарды енгізуге дайын.

Жалпы Брюссельдегі осы вакциналау орталығында шара басталғалы 133 мың адам егілген. Ал маусым айында бұл көрсеткішті 2 есеге өсіру жоспарланып отыр.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов