Қытай тікелей эфирде өтетін электронды сауданы бақылауға алады

Бұл елде онлайн сауданың осы саласын реттейтін жаңа ереже күшіне енді.

«Лайф-стриминг» деп аталатын кәсіптің бұл түрі пандемия кезінде қыза түскен. Енді тікелей эфирдегі сауданы жеті бірдей мемлекеттік орган бақылайды. 

Көпшілік алдында ұятқа қалдыру, аккаунтты жабу және сенімсіз лайф-стримерлердің тізімін жариялау. Жаңа ережелерді бұзғандарға жазаның осындай түрлері қарастырылған. Енді сатушы да, тұтынушы да өзінің шын есімдерін тіркеуге тиіс. Ал 16 жасқа толмаған балалар ұнаған стримерлеріне сыйлық бере алмайды. Осы уақытқа дейін бұл онлайн платформалар елеулі табыс беретін.

У Хайфэн, Гонконгтегі Қытай университетінің профессоры:

– Ереже болмаса, осындай платформаларда жануарларды сата бастайды немесе ересектерге арналған контент көрсетеді. Енді олар не көрсету керектігін ойлайды және көбірек пайдалы өнімді сатады.

Лайф-стримерлер әдетте түрлі өндірушілердің тауарын тікелей эфирде ұсынады. Содан пайда көреді. Көрермені көп болса, тауар бағасына үлкен жеңілдіктер бере алады. Мысалға Вия лақап аты бар ең белгілі лайф-стример былтыр 5 миллиард доллар мөлшерінде өнімді сатуға көмектескен. Стример көбіне кешкі уақытта жүргізіледі. Оларды миллиондаған адам көреді, сондықтан сөздеріне сеніп, ойланбастан ұсынған тауарын сатып алатындар көп.

Чай Цзюньлинь, лайф-стример:

– Тұтынушыларымның көбі 25 жастан кіші. Олар ұйықтар алдында соңғы трендтерді білу үшін эфирімді көреді. 5 сағатта бір миллион юаньға тауар сата аламын.

Ұялы төлем жүйесі жақсы дамығандықтан, Қытайда сауданың осы түрі кең тараған. Ұнаған затты сатып алу үшін саусақпен екі рет басу жеткілікті. Тауарды екі күн ішінде жеткізеді. Ал ұнамаса, себебін түсіндірмей-ақ қайтаруға болады. Былтыр тікелей эфирде 30 миллиард доллар мөлшерінде осындай сауда жасалған. Бұл үкіметтің ішкі тұтынуды ынталандыру саясатына да оңтайлы дүние.

Ботагөз Сырғабаева