Үндістанда вирус кесірінен киім өндірісі үш есе қысқарды

Коронавирус пандемиясы Үндістанның жеңіл өнеркәсібіне де кері әсер етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір елде эпидемиологиялық ахуал өршіп тұр. Коронавируспен қатар қара зең ауруы тез тарап барады. Сондықтан шетелдік компаниялар киім өндірісімен айналысатын жергілікті фирмалармен жұмыс істегісі келмейді екен. Олар Үндістанның орнына Бангладеш және Вьетнам өндірушілерін таңдайтын болған. Оның үстіне күрделі эпидемиологиялық ахуал кесірінен жергілікті фабрикаларда жұмысшылар да жетіспей жатыр. Соның салдарынан кәсіпорындар киім өндірісін үш есе қысқартуға мәжбүр болған.

Айта кетерлігі, пандемияға дейін Үндістанның жеңіл өнеркәсіп саласында 12 миллионнан аса адам еңбек еткен.

Лалит Тукрал, киім экспортымен айналысатын компанияның басшысы:

– Үндістан коронавирустың екінші толқыны кезінде үлкен қиындықтарға тап болды. Бұл киім өндірісіне де қатысты. Клиенттеріміз бізге сенбей отыр. Өйткені елдегі ахуал күрделі. Олар тауарларымызды дер кезінде ала алмай қаламыз ба деп қорқады. Сол себепті көрші Бангладешке тапсырыс береді не вьетнамдық өндірушілермен көбірек жұмыс істейтін болған.