427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АҚШ-тағы студенттердің оқу жылына көңілі толмайды

  • 107
  • UPD: 17:40, 30.05.2021

АҚШ-та академиялық оқу жылы аяқталып, студенттер мен оқушылар жазғы демалысқа шыға бастады. Пандемия уақытындағы білім беру жүйесінің трансформациясы американдық оқу ордаларын да айналып өтпеді. Колледждер мен университеттердің дені былтырдан бері қашықтан оқыту форматын тұрақты қолданып келді. Алайда оқудың мұндай түрі американдықтардың көңілінен шықпаған көрінеді.

Сукиана Алауи Марокко елінің тумасы. Бүгінде АҚШ-тың үздік жоғарғы оқу орындарының бірі Нью-Йорк Университетінде білім алуда. Болашақта әлеуеті осал топтардың құқығын қорғауды діттеген студент магистрлік оқуының пандемиямен тұспа-тұс келгені қынжылтатынын айтады. 

Сукиана Алауи, студент:

- Оқу жылының онлайн форматқа көшуі көптеген қиындық тудырды. Американдық оқу орындарының ажырамас бөлігі нетворкинг немесе мамандармен байланыс орнатуға негізделген. Өйткені студенттің маман ретінде болашақта жетістікке жетуі нетворкингке тікелей байланысты. Алайда қашықтан оқуда біреумен аралас-құралас болу мүмкін емес. 

Студенттер пандемияның салдарынан университеттік кітапхана, фитнес орталықтары мен тамақтану орындары сияқты нысандарды қолдана алмаған. Бір жылға жуық жабық тұрған спорттық алаңдар да былтырдан бері қайта ашылмаған.

Алайда оқудың ақшасын төлеуге келгенде ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.

Сукиана Алауи, студент:

- Біз олардың ешқайсысын қолданған жоқпыз, бірақ оқудың толық ақшасын төледік. Бұл барып тұрған әділетсіздік деп ойлаймын. Университет әкімшілігіне хабарласып, жеңілдік сұранымызда мардымды жауап та берген жоқ. 

Американдық колледждердің бағасы жылына шамамен 3-тен 5 процентке дейін өседі екен. Ал биыл табысынан қағылған миллиондаған амеркандықтарға балаларын ақылы оқуға жіберу тіпті қиындай түскендей. Осы орайда елдің бірнеше штатында наразылық шаралары ұйымдастырылып, кейбір мұғалімдердің өзі оқу ақысын төмендетуді талап еткен еді.

Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде американдық студенттердің 41 проценті қашықтан оқуды қаламайтынын айтады. Тағы да 50 проценті мұндай формат ұстаздар мен студенттердің арасындағы байланысты күрт төмендетеді деп санайды. Дегенмен кез келген қиындықтан өту үшін ұтымды тұстарына да қарау керек. Өйткені қашықтан оқудан аларымыз да көп дейтін студенттер де жоқ емес. Ең бастысы, басыңыздың амандығы дейді олар.

Сара Херрин, студент:

- Онлайн оқудың кемшіліктерімен қатар жақсы тұстары да көп. Ең бастысы, өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығына алаңдамайсыз. Мысалы, менің сыныпқа барып оқуға мүмкіндігім бола тұра қашықтан оқуды жөн көрдім.

Өйткені қауіпсіздік бірінші кезекте тұру керек. Келер оқу жылының қандай боларын білмейміз. Бірақ барлығы бұрынғы қалыпқа келеді деп үміттенемін.

Америкалық студенттердің келер оқу жылына деген үміті зор. Өйткені университеттердің дені алдағы күздік семестрде қалыпты форматқа көшуді көздеп отыр. Бастысы, студенттер мен оқушылардың дер кезінде вакцина алуы дейді мамандар.

Авторлар: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Хабар 24 телеарнасы