Израильде Беньямин Нетаньяхусыз үкімет жасақталуы мүмкін

Израильде соңғы 12 жылда алғаш рет Беньямин Нетаньяхусыз үкімет жасақталуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі елдегі «Ямина» партиясының басшысы Нафтали Беннет пен оппозициялық «Еш-Атид» жетекшісі Яир Лапид коалициялық үкімет құруға келіскен. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, 49 жастағы Беннет алғашқы 2 жыл премьер-министр болса, Лапид билік тізгінін содан кейін қолға алатын болып уағдаласқан. Қос тарап соңғы шешімді маусымның 2-сі күні жарияламақ.

Нафтали Беннет, «Ямина» партиясының жетекшісі:

– Израильдегі саяси дағдарыс әлемде болып көрмеген жағдай. Біз еліміздің саяси жүйесі күйреп бітпейінше, сайлауды қайта-қайта өткізе беруге дайынбыз. Сондықтан бұл бассыздықты тоқтатып, жауапкершілкті қолға алатын кез келді деп ойлаймын.

Бірақ қазіргі үкімет басшысы Беньямин Нетаньяху жауабы көп күттірген жоқ. Ол «Ямина» партиясының жетекшісі тек билікті қолға алғысы келіп отыр деп айыптады. Және солшыл күштерден құралатын үкіметтен мемлекет келешегіне қауіп зор дегенді айтады.