Әлемде халықты вакциналау қалай жүріп жатыр?

Бүгінде бүкіл әлемнің берекетін алған індеттің беті қайта бастағандай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені вакцинаның арқасында қалың бұқара енді бұрынғы өмірге оралатынына кәміл сенеді. Себебі оның белгілері біртіндеп білініп жатыр.

Сонымен халықты вакциналау төңірегіндегі ахуал қандай?

Әлемде коронавирусқа қарсы екпе алғандар қатары 2 миллиардқа жуықтады. Оның 350 миллиондайы еуропалықтар. Вакциналау қарқыны артып, жағдайдың біршама жақсаруына байланысты кәрі құрлық елдері енді тұралап қалған туризм саласына қан жүгіртпек ниетте. Ол үшін тиісті шаралар да қабылданып қойған. Атап айтқанда, шілдеден бастап шекара ашылады. Осылайша ковидке қарсы екпе алған әрбір турист Еуропа аймағын емін-еркін кезе алады. Десе де, сырттан келген саясатшыларды қазірден бастап қабылдап жатқан мемлекеттер де бар. Соның бірі – Грекия. Бұл елге келетін жиһанкездер үшін бір ғана талап қойылған. Ол – теріс нәтижелі тест анықтамасы немесе вакцина салдырғаны жөніндегі куәліктің болуы. Ал Италияда шектеу шараларының жеңілдеуіне байланысты круиздік лайнерлер қайтадан Жерорта теңізіне сапарға шыға бастады. Бірақ індет жағдайындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін  кеме іші 50 пайызға ғана толық болуы керек.

Мари Дзанетти, туристік компания президенті:

– Жолаушылардың алаңсыз демалыс өткізуі үшін бірқатар ереже қабылданған. Яғни қолдарында коронавирусқа қарсы теріс нәтижелі тест болуы тиіс. Бұдан бөлек, сақтық мақсатында күн сайын әрқайсысының дене қызуы тексеріліп тұрады. Ал саяхаттың бел ортасына жеткенде бәрі тағы бір тест тапсыруы керек. Міне, осындай шаралардың арқасында бәрі жанға жайлы демалыс өткізе алады.

ФРАНЦИЯДА ТУРИЗМДІ ТҮЛЕТУГЕ 28 МЛРД ЕУРО БӨЛІНЕДІ

Өз кезегінде Франция билігі туризмді түлету үшін 28 миллиард еуро қаржы бөлетін болды. Ол туристік компанияларды қолдауға, спорттық және мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға жұмсалмақ.

ЧИЛИДЕ ВАКЦИНА АЛҒАНДАР ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫНАН БОСАТЫЛАДЫ

Ал мұхиттың арғы бетінде орналасқан Чилиде вакцина алған азаматтар шектеу шараларынан босатылады. Яғни елде оқшауда қалу режимі жарияланса да, екпе салдырған тұрғындар өңірлер арасында емін-еркін қатынай береді. Бірақ мұндай жаңалықты қуана қарсы алғандар да, оған сын көзбен қара жатқандар да бар. Қарсы топ жолаушылар санының артуы вирустың таралуына әкелуі мүмкін десе, туристік компания өкілдері бұл шараның ішкі туризмді жандандыруға серпін беретінін айтады. Айта кетейік, бүгінге дейін Чили халқының жартысына жуығы вакцина алған. Бірақ соған қарамастан, науқастар қатары аз емес. Мыңдап саналады.

Франциска Криспи, медициналық колледж президенті:

– Қазіргі эпидемиологиялық жағдайда бұл шараның қабылдануы орынсыз. Себебі жолаушылар көбейіп, вирус жұқтыру қаупі артады.

Хелен Куюмджян, туристік компаниялар қауымдастығының вице-президенті:

– Біз бұл бағдарламаның іске асуын құптаймыз. Себебі ол туризм саласын қалыпқа келтірудің ең дұрыс жолы. Бір жылдан астам уақыт бойы үйде отырған азаматтарға ел аумағында саяхаттауға мүмкіндік береді.

ТУРИЗМДІ ҚОЛДАУ ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР БАЛИГЕ ЖІБЕРІЛЕДІ

Ал Индонезия билігі мемлекеттік қызметкерлердің төрттен бірін қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіріп, Балиге жібермек. Бастаманың мақсаты – туризмге тәуелді аралдың экономикасына қолдау көрсету. Өйткені пандемия салдарынан шекаралар жабылып, туристер саны азайып кеткендіктен, Балидің жалпы ішкі өнімі де төмендей бастаған. Жалпы, биліктің жоспары бойынша аралға 8 мемлекеттік органның 8 мың қызметкері аттандырылады. Соның арқасында жергілікті қонақ үйлерге сұраныс артып, мейрамханаларға келушілер саны артады деп болжанып отыр.

ВЬЕТНАМДА КОРОНАВИРУСТЫҢ ГИБРИДТІ ШТАМЫ АНЫҚТАЛДЫ

Бірақ барлық жерде бірдей жағдай жақсы болмай тұр. Мәселен, Вьетнамда коронавирустың жаңа гибридті түрі анықталды. Ол бір жағынан үндістандық екінші жағынан британдыққа штамға ұқсас екен және ол адамға тез жұғатын көрінеді. Соның салдарынан елдегі шектеулерге қарамастан, соңғы күндері коронавирус жұқтыру деректері күрт артып кетіпті.