Жаңа Зеландияда толассыз жауған нөсер соңы алапат тасқынға ұласты

Әлем елдері от пен судан зардап шегіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа Зеландияның Кентербери аймағында толассыз жауған нөсер соңы алапат тасқынға ұласты. Ал Италияда «Этна» жанартауы оянды.

От құсып, жарылыс жасап жатқан бұл «Этна» тауы. Биіктігі 6 жарым шақырымға жетеді. Италияның Геофизика және Мұхиттану институтының мәліметі бойынша, жанартаудан жақын маңдағы елдімекендерге әзірге қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ Катания халықаралық әуежайы рейстерінің бағытын өзгертті.

Жанартаудың зардабын Конгодағы Гома қаласының еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін жақсы біледі. Өткен аптада атқылаған Лава салдарынан жүздеген мың тұрғын қауіпсіз жер іздеп, босып кеткен болатын. Қайырымсыз кәсіпкерлер ел басына күн туғанда, азық-түлік бағасын аспандатып жіберген. Біріккен Ұлттар Ұйымы 400 мыңға жуық тұрғынға шұғыл гуманитарлық көмек керек дабыл қақты. 14 мыңнан астам адам көршілес Руандаға қашқан. Ол жақтан пана таппаған шарасыздар туған қаласына орала бастады.

Паскал Виагука, Гома қаласының тұрғыны:

Руандада көп тұрақтай алмадық. Ол жақтан жұмыс табу мүмкін болмады. Ал маған 5 баламды асырау керек. Мына жанартау қайта атқыламаса екен. Әйтпесе бәрін тастап, Руандаға қайта қашамыз. Әбден берекеміз кетті.

Жаңа Зеландия тұрғындарында да береке болмай тұр. Бірнеше жүздеген тұрғын үйін тастап, қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр. Тіпті кейбірін тікұшақпен құтқаруға тура келген.

Джон Чемберлен, шаруа:

Кешке кешкі сағат 10-ға қарай ұйқыға жатқанда бәрі дұрыс болатын. Бүгін таңғы 6-да тұрсам, қыстағымның жартысын су шайып кетіпті.

Су деңгейі 40 сантиметрден асады. Билік бірнеше қала мен елдімекенде төтенше жағдай жариялады. Кентерберри аймағында 50-ге жуық мектеп жабылды.

Автор: Ернат Мелсұлы