Суэц каналы кеңейтілмеуі мүмкін

Суэц каналын кеңейту ісі тоқтауы мүмкін. Себебі жоба тым қымбат. Алдын ала есеп 8 миллиард доллар қажет екенін аңғартады. Жұмыстар бір апта бұрын басталған. Бірақ инженерлер «қаржы жетпейді» деп отыр. Билік енді каналдың арнасын ұлғайтпай одан өтетін танкерлердің көлемін азайтуды ұсынып жатыр. Үнем дағдарысқа ұласса ше? 

Суэц каналын кеңейту Египеттің экономикасын нашарлатып жіберуі мүмкін. Жергілікті курорттар індеттен енді-енді оңала бастағанымен дәрі-дәрмек пен вакцинаға миллиардтаған доллар жұмсалуда. Сондықтан билік мәселені шешудің өзге жолын іздестіре бастаған.

Тахера Хафез, Хургада қаласы сәулет бөлімінің бас экономисі:

- Жалпы бастапқыда бүкіл су өткелін кеңейту қарастырылған. Қазір арнаны кеңейту жұмыстары наурыз айында жүк кемесі тұрып қалған жерде жүріп жатыр. Бұл тұс апатты деп танылғандықтан кеңейту жұмыстары толығымен жүргізіледі. Зерттеу нәтижесі наурыздағы төтенше жағдай каналдың тарлығынан ғана емес, одан өтетін кемелердің көптігінен де болғанын көрсетті. Сондықтан мәселені бірге шешуге күш салмақпыз.

Наурыздағы оқиғадан кейін контейнерлермен жүк тасымалдау ақысы да қымбаттады. Соңғы айда ол бір жарым есе өскен. Осы себепті жергілікті билік теңіз логистикасын реформалауды да қарастыруда.

Айман Әл-Дин, құрылыс тобының бас инженері:

- Суэц каналын кеңейтуді тоқтатуға болмайды. Қалған идеялар мен шаралардың барлығы тек осымен байланысты болуы тиіс. Жоба су дәлізінің мүмкіндігін арттырып, кемелердің өту уақытын қысқартады.

Египет билігі каналды кеңейтуге қатысты соңғы шешімін маусымның 13-і күні қабылдамақ. Осы кезде жұмысшылар жобаның ең ауыр учаскесі каналдың 30-шақырымдағы тұсын тереңдетуге кірісуі тиіс. Кейбір ақпарат бойынша билік каналды пайдаланушыларға танкерлерге жүк тиеуді азайтуды немесе ірі кемелердің орынына шағын танкерлерді қолдануды ұсынған. Бірақ бұл ұсынысқа әлі ешбір компания жауап бермеген. 

Дмитрий Лукша, Светлана Брахмит, Амр Мурад