Ыстамбұлда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары еске алынды

Ыстамбұлда 31 мамыр күні жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері XX ғасырда Қазақстанда орын алған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ыстамбұлдағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы орталықта өткен жиынға Түркия қазақтарының ақсақалдары мен белді өкілдері қатысты. Жиында сөз сөйлеген Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулы Әлім Байел әділеттілік пен адамгершілік үшін және ұлттық сананы бекіту мақсатында қазақ халқының басынан өткен зұлматтың толықтай зерделеніп, тиісті саяси және құқықтық бағасын алу қажеттігін айтты.

Марқұмдардың рухтарына Құран бағышталып, дұға оқылды.

Зұлмат жылдарында миллиондаған қазақтың ашаршылықтан көз жұмғаны, атажұрттан сыртқа көшіп кеткені, саяси репрессияларға ұшырағаны белгілі. Ұлттың шоқтығы биік көш бастар азаматтарының қандықол жүйе тарапынан қырғынға ұшырауы – өз алдына үлкен қасірет.

Бұдан бөлек, сол кезеңде қазақ жеріне тұтас халықтардың жер аударылғаны белгілі. Зорлық-зобалаңнан есін жия алмай жатқанына қарамастан, қазақ халқы сол кезде өз даласына айдалған барша ұлыстарды бауырына басты.