Әлем бойынша коронавирусты жұқтырудың ең төмен көрсеткіші Израильде

Бірінші маусымнан бастап Израильде коронавирусқа қатысты қабылданған барлық шектеу алынып тасталды.

Билік өкілдерінің пікірінше, жаппай вакциналау арқасында елде ұжымдық иммунитет қалыптасты. Әлем бойынша ауруды жұқтырудың ең төмен көрсеткіші Израильде.

Израиль толығымен қалыпты тіршілігіне оралды. Мейрамханаға кіру үшін «жасыл төлқұжат» қажет емес. Дене қызуын да өлшемейді, әлеуметтік арақашықтың сақталуын да талап етпейді. Тек жабық бөлмелерде медициналық маска тағу керек. Бұл бұрынғыша маңызды шарт.

Томер Лотан, коронавируспен күрес бойынша штаб басшысы:

− Жағдайымыз керемет. Күніне он-он бес науқасты анықтап жүрміз. Осыдан екі ай бұрын мұны армандаған да жоқпыз. Мұның барлығы індетті жеңдік деуге негіз болып тұр.

Қазір елде індетке шалдыққан 300-дей ғана науқас бар. Ауруы асқынғандардың саны елуге жетпейді. Коронавирусты емдейтін бөлімдер жабылды. Мейманханаларда вакциналау туралы сертификатты сұрамайтын болды. Билік тіпті 12 мен 16 жас аралығындағы жасөспірімдерге екпе жасау жоспарынан бас тартты.

Юрий Ранков, Тель-авив бірінші медициналық орталық департаментінің жетекшісі:

− Болжам жасау қиын, өйткені ковид күтпеген оқиға болды. Алайда ұжымдық иммунитет қалыптасты, ересек адамдардың 60 проценті екпе салдырды.

Алайда өзге елдерде індет әлі де өршіп тұр. Сондықтан Израиль елге келіп-кетуге қайта шектеу енгізіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі 9 «қызыл елдің» тізімін жариялады. Бұл мемлекеттерге баруға қатаң тыйым салынған. Олардың арасында Бразилия, Ресей, Украина бар. Осы елдерден келгендер міндетті түрде екі апталық карантиннен өтеді. Осылай вирустың жаңа мутацияларынан қорғанбақ.

Авторы: Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...