COVID-19: балаларды вакциналау барысы

Әлемде кей елдер коронавирусқа қарсы вакцинаны балаларға сала бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Чилиде жасөспірімдерге «Файзер» препаратын егуге рұқсат берілді. Ал вакциналау бойынша әлемде көш бастаған Израиль балаларға әдеттегідей 2 емес, 1 доза салуды дұрыс деп тапқан.

«Файзер-Байонтек» вакцинасын 12 жастан асқан балаларға қолдануға алғаш АҚШ пен Канада рұқсат берген. Құрама Штатта жеткіншектердің алды екпе салдыра бастады. Бұл істі Еуропа енді қолға алды.

Марко Кавалери, дәрі-дәрмек жөніндегі еуропалық агенттік өкілі:

– Дәрі-дәрмек жөніндегі еуропалық агенттіктің ғылым комитеті «Файзер-Байонтек» компаниясына тиесілі вакцинаны 12-15 жас аралығындағы балаларға қолдану үшін мақұлдады. Клиникалық сынақтарға 2 мыңға жуық жеткіншек қатысты. Нәтижесі жақсы. Енді Еуропалық комиссияға ұсынамыз.

Екпені Еурокомиссия мақұлдады. Енді Еуроодаққа мүше әр мемлекет өз таңдауын жасайды. Германия қазірдің өзінде шешім қабылдап үлгерді. Неміс елі 12 және 16 жас аралығындағы балаларды вакциналауға алдағы аптада кіріседі.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Балалар мен жасөспірімдер 7 маусымнан бастап вакцина алуға өтініш бере алады. Екпені терапевтке барып немесе вакциналау орталығында салдыруға болады.

Германиядағы «Сивей» институты жүргізген әлеуметтік сауалнама бойынша неміс халқының жартысына жуығы балаларға екпе салуды құптайды. Ал 40 проценті қарсы. Еуропада алғашқылардың қатарында Румыния мен Италия іске кірісті. Бұл елдерде бүгін 12 мен 15 жас аралығындағы балаларды екпе қабылдауға ресми тіркеу басталды. 

Ернат Мелсұлы