Қытайда үшінші баланы жоспарлағандарға қолайлы жағдай жасалмақ

Қытайда 14 жасқа толмаған 253 миллион бала бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл бүкіл халықтың – 18%-і. Елдегі жалпыұлттық санақ мәліметі осындай. Халық қартая бастағандықтан, билік үш бала тууға рұқсат берді. Енді отбасыларға айыппұл салынбайды. Керісінше оларға қолайлы жағдай жасалады.  

Балаларды қорғау күніне орай бүкіл ел аумағында мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Кейбір мектептер демалыс жариялады. Ал таяуда билік отбасыларға үшінші бала тууға рұқсат берді. 10 жыл бұрын екінші бала тапқан ата-аналарға айыппұл салынатын. Бұл үшін мемлекеттік қызметкерлерді жұмыстан да шығаратын. 2016 жылы Қытай үкіметі екінші балаға рұқсат берді. Бес жыл өтісімен жаңа жеңілдік жасалды.  

Лю Чжицзя, Бейжің қаласының тұрғыны:

– Ең алдымен үкімет әйелдерді жұмыспен қамту мәселесін шешу керек. Компаниялардың көбі әйелдің үш рет бала туу демалысына шығуына қарсы болады. Егер үкімет бұл мәселені шешсе, жұрт үшінші бала табуға келісер.

Жергілікті тұрғындарды сапалы білім мәселесі де алаңдатып отыр. Мәселен, музыка немесе оқу пәні бойынша жеке сабақтың бір сағаты 100 долларға дейін жетеді. Жақсы мектепке баланы орналастыру үшін оның қасында тұру керек. Сондықтан білім ордаларына жақын үйлерде пәтер бағасы бірнеше есе қымбат. Үкімет осы мәселелерді шешуге ниетті. 

Чан Цзянь, Нанькай университеті адам құқықтары орталығының жетекшісі:

– Орта және кіші сыныптарда адам құқықтары жөнінде білім беру мәселесін зерттеп жатырмыз. Адам құқықтары жөнінде, атап айтқанда кәмелетке жетпегендердің құқықтарын қорғау заңы бойынша пәндер енгізу қарастырылып отыр. Қазірдің өзінде балаларға және ұстаздарға арналған тиісті оқулықтарымыз бар.

2016 жылдан бері елде бала саны көбейген жоқ. Керісінше соңғы жылдары бала туу азайып кетті. Отау құрғысы келетін жастар саны да қысқарып келеді. Үкімет осы жағдайды өзгертуге тырысып жатыр.

Ботагөз Сырғабаева