Иракта мукормикоздан екі адам қайтыс болды

Иракта мукормикоз ауруынан 2 адам көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Жалпы қара зең 4 тұрғыннан анықталған. Індет елдің оңтүстігіндегі Ди-Кар ауданында тіркелген. Билік бұл өлім коронавирустың салдарынан болғанын айтады. Бірақ жергілікті мамандар бұл кесел иммунитеттің әлсіреуімен қатар, топырақтың ластануынан да болуы мүмкін деп отыр.

Еске сала кетейік, мукормикоз немесе қара зең ауруы әдетте топырақта, өсімдікте, шіріген жеміс-жидекте кездесетін микробтан тарайды. Үндістанда бұл ауруға коронавирустан жазылған азаматтардың шалдығуы жиілеген. Сондықтан ауру коронавирусты емдеу кезінде қолданылған дәріден болуы мүмкін деген болжам бар.