Өзбекстанда вакциналаудың жаңа кезеңі басталды

Бұл аралықта көрші елде журналистер, блогерлер, жазушылар мен шет елдерде оқитын студенттерге екпе салынады.

Жаппай иммундау шарасының алғашқы кезеңінде Өзбекстанда 65 жастан асқан адамдар мен медицина қызметкерлері, сонымен қатар педагогтар егілді. Қазіргі таңда көрші елде 2 млн 136 мыңнан астам адам вакцина салдырған. Оның 755 мың 951-і толық екі компонентті қабылдапты. Иммундау науқаны бойынша Өзбекстан Орталық Азия елдері арасында Қазақстаннан кейін екінші орында келеді.

Севара Убайдуллаева, коронавирусқа қарсы күрес штабының мүшесі:

- Біз жаппай вакциналау науқанын 3 екпемен бастадық. Алғашқы препарат – ол АстраЗенека. Бірінші партияда 660 мың доза әкелінген. Кейін ZFUZ-2001 вакцинасының 3,5 млн компоненті жеткізілді. Ал үшінші екпе – бұл ресейлік Спутник V. Бірінші партияда елімізге 100 мың доза әкелінсе, екі күн бұрын тағы 70 мың доза жеткізілді. Әзірге екпе егу науқаны жоспарлы түрде өтіп жатыр.