Швецияда сатушысы жоқ дүкендер көбейген

Швецияда кейінгі екі жылда 30 шақты сатушысыз дүкен ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай орындарға әсіресе пандемия кезінде сұраныс артқан. Өйткені сауда нүктесіне бір уақытта ары кетсе 2 адам ғана кіре алады. Нысан күні-түні жұмыс істейді. Сауда жасау үшін ұялы телефон ғана керек. Сатып алушы қажетті тауарды сканерден өткізгенде, бірден шотынан ақша шешіледі. Жоба авторлары ұрлық деректері болмайтынын айтады. Өйткені бүкіл жерде камера орнатылған. Екіншіден, жүйеге сатып алушы туралы деректер енгізілген. Негізі, кейінгі 24 жылда Швецияның ауылды аймақтарында адам санының азаюына байланысты дүкендердің 28 проценті жабылып қалған. Салдарынан шалғай өңір тұрғындары қажетті заттарын сатып алу үшін қалаға баруға мәжбүр. Сондықтн жұрт осындай дүкендердің көп пайдасы тиіп жатқанын айтады.

Даниэль Лунд, Lifvs компаниясының тең құрылтайшысы:

– Сатып алушыларға бағалар тартымды болу үшін біз шығындардың артуына жол бермеуіміз керек. Ал мынадай дүкеннің бір жақсы жері – жалдау ақысына көп ақша кетпейді. Өйткені бұл орындардың ауданы шағын болады. Сондай-ақ сатушылар секілді қызметкерлерге жалақы төлемейміз. Бұл да үнемдеудің бір жолы.