Францияда 12 жастан асқан жасөспірімдерді вакциналау науқаны басталады

Жергілікті билік Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің балаларды егу жөнінде жасаған оң пікірінен кейін осындай шешім қабылдап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

– Жоспар бойынша маусымның ортасына дейін 30 млн тұрғын коронавирусқа қарсы екпе қабылдауы тиіс. Ал маусымның 15-інен бастап жасөспірімдерді вакциналау науқаны басталады. Екпе 12 мен 18 жас аралығындағы балаларға салынады.

Биліктің бұл шешіміне қатысты сарапшылардың пікірі екіге бөлінді. Бірі балалардың екпе алуы ұжымдық иммунитеттің тез қалыптасуына септігін тигізеді дейді. Мәселен, Пастер институтының зерттеуі бойынша оқушылардың ата-аналарына вирус жұқтыру қаупі 30 процентке артық екені дәлелденген. Ал кей сарапшылар балалардың ковидке өте сирек шалдығатынын айтып, ересектер алмаған вакцинаны енді жеткіншектерге егу арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастыруға болмайды деп отыр.

Айта кетейік, Францияда балалар «Пфайзер» вакцинасын қабылдамақ. Препарат бұған дейін АҚШ пен канадалық балаларға сыналып, еш жанама әсер көрсетпеген дейді мамандар. Енді аймақтағы балаларды егу шарасы қаншалықты міндетті болатынын, әрі оны қабылдау үшін ата-ананың рұқсаты қажет пе, жоқ па жақын арада белгілі болады.