Қытай: Қорықтан қашып кеткен пілдер тұрғындарды үрейде ұстап отыр

Қытайда қорықтан қашып кеткен 15 піл жергілікті жұртты аяғынан тік тұрғызды.

Жануарлар 500 шақырым жерді жүріп өткен. Жол бойы 56 гектар егін алқабының астан-кестенін шығарған. Біраз жүгері егістігін бүлдірген. Жергілікті тұрғындардың қораларын зақымдаған. Салдарынан 1 миллион доллардан аса материалдық шығын келтіріпті. Кейбір өңірде тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берілді.

Айта кеткен жөн, пілдердің қорықтан қашып кеткеніне бір айдан асып кетті. Оқыс оқиғаның нақты себебі белгісіз. Сарапшылардың пайымдауынша, жануарлар өздеріне жаңа мекен ету ортасын іздесе керек. Өйткені, соңғы 20 жылда олардың тіршілік еткен орнының аумағы 40 процентке қысқарған. Билік пілдердің қозғалысын бақылау үшін арнайы командалық орталық құрды. Оған 350-ден аса адам, сондай-ақ арнайы техника жұмылдырылды.