Өркениет үлкен апатқа әкеп соқтыруы мүмкін – ғалымдар

Адам табиғаттан алшақтап барады.

«Өркениет үлкен апатқа әкеп соқтыруы мүмкін», - дейді әлем ғалымдары. Себебі аспанды түтін торлап, жер дүниені қоқыс басып барады. Бұл жай қоқыс емес, ыдырамайтын әрі улы газ бөлетін қауіпті түзіліс. Су да ішуге жарамай барады.

Адамның дәл осындай әрекетінен мәселен, Шри-Ланкада бұрын-соңды болмаған экологиялық апат тіркелді.

Шри-Ланка мемлекеті қазір өз тарихындағы ең ірі экологиялық апатты бастан кешіріп жатыр. MV X-Press Pearl жүк кемесінің отқа орануынан борттағы 25 тонна азот қышқылы, натрий гидроксиді секілді қауіпті химиялық заттар мен полиэтилен қапшықтар өндіруге арналған 28 контейнер шикізат теңізге жайылып кеткен. Соның салдарынан теңіздегі тіршілік иелері қырылып, танымал шипажайлардың жағажайлары түгел микропластикке толды. Жергілікті билік тұрғындарды жағаға жиналған қоқысқа тиіспеуге шақырып жатыр. «Өйткені олар улы болуы мүмкін», - дейді. Сондықтан бұл жұмысқа тек арнайы қорғаныш киімдерін киген әскерилер тартылған. Бұдан бөлек, айналасы 80 шақырым аумақта балық аулауға тыйым салынды.

***

Түркияда пластик қалдықтарды импорттауға тыйым салынды

Пластиктен төнер қауіпті сезінген Түркия да тиісті шара қабылдай бастады. Ел билігі тақауда пластмассадан жасалған бұйымдардың бірнеше түрін импорттауға тыйым салды. Тиісті заң шілденің үшінен бастап күшіне енеді. Ресми Анкараның мұндай шешіміне Greenpeace ұйымының оңтүстік өңірлерде, атап айтқанда, Адана провинциясында тау боп үйілген пластмасса қалдықтарын табуы түрткі болды. Олардың бәрі кезінде Ұлыбританиядан, Германиядан және басқа да елдерден әкелінген көрінеді.

Темиз Әтеш, Greenpeace өкілі:

- 18 мамырда Сауда министрлігі жариялаған түзетуге сәйкес, полиэтилен және пластмасса өнімдері ел аумағына әкелуге тыйым салынатын қалдықтар қатарына қосылды. Бұл тарихи шешім.

Негізі бұл үйінділер ел аумағына заңсыз әкелінген болуы мүмкін деген де болжам бар. Осыған байланысты Түркияның қоршаған ортаны қорғау министрі енді шекарадағы кедендік бақылаудың күшейтілетінін жеткізді. Сонымен қатар заңсыз қоқыс алаңдарына рейд жүргізу ісі де қолға алыныпты.

Мұрат Курум, Түркияның қоршаған ортаны қорғау министрі:

- Тақауда Аданада бірнеше қоқыс алаңы анықталғаннан кейін біздің команда жеке иеліктегі 152 орында тексеру жүргізіп, 29 компанияны жапты. 32 компанияға шамамен 950 мың доллар айыппұл салынды.

***

Бразилия тұрғыны пластик қалдықтарды өнер туындысына айналдырады

Пластикпен күрестің түрі көп-ақ. Бір ел оны өртесе, енді бірі қайтадан кәдеге жаратуға тырысады. Ал Бразилияда жергілікті тұрғын пластик қалдықтарды өнер туындысына айналдыруды қолға алған. Эдуардо Срур есімді суретші осылайша, қала көшелері мен өзендерін зиянды заттардан тазартуды көздейді екен. Ол әйгілі қылқалам шеберлерінің еңбектерінің көшірмесін салып, қоғам назарын аудартуға тырысқан. Бразилиялық суретші биылғы жылдың екінші жартысында Сан-Паулуда «Пластик табиғат» атты көрме өткізбек.

Эдуардо Срур, суретші:

- Қазір қайда қарасаң да, пластиктің шашылып жатқанын көресің. Мен қоқыс заттарынан жасап жатқан дүниелер адамзат тарихында ұзақ сақталады деп болжаймын. Себебі бұл өте өзекті тақырып. Мона Лиза картинасы 200 жылдан бері ескірмей келеді ғой.

***

Грекияда балық аулауға тыйым салынды

Ал Грекияда теңіздегі балық санының азая бастауына байланысты тұрғындарға енді балық аулауға тыйым салынуы мүмкін. Тақауда ел президентінің әкімшілігі тиісті заң жобасын таныстырды. Оған сәйкес, тұрғындарға әуесқой балық аулаумен айналысуға айтарлықтай шектеу қойылмақ. Яғни, жеке квота енгізіледі, тірі жемді пайдалануға тыйым салынады және тағы басқалар. Бұл мәселеге бүкілгрекиялық әуесқой балықшылар қауымдастығы да бей-жай қарамай, бірден қарсылығын білдірді. «Себебі бұл жоба ұлттық дәстүрге жасалып отырған қастандық», - дейді олар. Ұйым жетекшілерінің айтуынша, қармақ ұстаған қарапайым тұрғынды тонналап балық аулайтын кемелермен бірге бір санатқа жатқызу әбестік.

***

Қоршаған ортаның тазалығына алаңдаған Брюссель Еуроодақтың барлық қалаларына 2050 жылға дейін табиғатты ластауды түбегейлі тоқтатуды бұйырды. Шенеуніктердің айтуынша, табиғаттың тағдыры адам тағдырымен тікелей байланысты. Мәселен, Италияның Таранто қаласындағы металлургиялық зауыт жылдар бойы ауаға зиянды заттар шығарып келеді екен. Соның салдарынан обыр ауруы көбейіп кеткен. Ол аздай, кәсіпорынның кесірі балаларға да тиіп жатқан көрінеді.

Аннамария Москетти, жергілікті педиатр:

- Италияның денсаулық сақтау жөніндегі жоғары институты арнайы зерттеу жүргізген болатын. Оның нәтижелері 2019 жылы жарыққа шықты. Сонда өндіріс орындарына жақын жерде өмір сүретін балалардың IQ-і ірі кәсіпорындардан алыс тұратын жеткіншектерге қарағанда 10 пунктке төмен болатыны анықталды.