Бразилияда тұрғын үйдің құлауынан адамдар қаза тапты

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында көп қабатты тұрғын үй қирап қалды.

Рейтер ақпарат агенттігінің хабарлауынша, оқиғадан бірнеше адам ажал құшты. Олардың нақты саны анықталып жатыр.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Риу-дас-Педрос ауданында алдымен жарылыстың дыбысы естілігеннен кейін опырылған ғимараттан өрт шықты. Құтқару жұмыстарына 100-ден астам өрт сөндіруші мен қауіпсіздік қызметінің мамандары тартылды. Әзірге қаза тапқан ер адам мен бір баланың денесі табылды. Жергілікті билік мерт болғандардың саны әлі де артуы мүмкін деп отыр. Белгілі болғандай, апат орын алған аймақ ұйымдасқан қылмыстық топтардың бақылауында екен. Қираған ғимарат үкіметтің рұқсатынсыз, заңсыз салынған көрінеді.

Телма, жергілікті тұрғын:

- Тұратын жеріміз жоқ. Енді қайда барамыз. Ғимаратты бірінің үстіне бірін салады. Заңсыз тұрғызылған құрылыс өте көп. Өте қауіпті. Түнде алаңсыз ұйықтай алмаймыз. Төбемізге қарасақ, үй әне -іне құлап қалатын сияқты.