Кореяда жалғызбасты жандарға арналған мобильді қосымша шығарылды

Сеулде жалғыз тұратын адамдардың өлім-жітімі көбейді. Қайтыс болғандардың көбі бала-шағасы немесе жақын туыстары жоқ қарт адамдар. Олардың аман-есендігін біліп отыру үшін қала әкімдігі арнайы қосымшаны енгізуге шешім қабылдады.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Чо Киль Джа жалғыз тұрады. Күйеуі ерте қайтыс болды. Әйел 4 баланы тәрбиелеп өсірді. Олар Кореяның басқа аймақтарында тұрғанымен анасына қонаққа келіп, телефонмен жиі хабарласып тұрады. Жалпы жалғыздық Кореяда өзекті мәселе. Сеулдегі әрбір үшінші отбасы бір адамнан тұрады. Олардың тіпті телефонмен сөйлесетін жақыны жоқ.

Чо Киль Джа, Сеул тұрғыны:

- Зейнетақым аз, 300 доллардай. Ол тамаққа да жетпейді. Бірақ, шүкір, менің балаларым бар. Ал жалғыз тұратын адамдардың көмек күтетін ешкімі жоқ. Болашақта жалғыз адамдар қазіргіден де көбейе түседі. Өйткені жастар бала тумайды. Балаларды тәрбиелеу үшін көп ақша қажет.

Сеулдегі жалғызбасты адамдардың мәселесіне қайғылы оқиғадан кейін назар аударыла бастады. Былтыр желтоқсан айында 60 жастағы әйел қайтыс болды. Ол 30 жастағы ақыл-ойы кем ұлымен бірге тұрған. Ер адам пәтерде қарызы үшін жарық өшірілген кезде ғана сыртқа шыққан. Ал анасының қайтыс болғаны туралы тек бірнеше айдан кейін ғана хабарлай алған.

Ким Сон Сун, Сеул әлеуметтік қамсыздандыру департамент директоры:

- Сеулдегі жалғыздық проблемаларын шешу үшін біз жалғыз адамдарды анықтаймыз, оларға қызмет көрсетеміз, қажетті ресурстарға қол жеткіземіз, оқытамыз және жерлеу қызметтерін көрсетеміз.

Енді жалғыз тұратын адамдардың ұялы телефондарына арнайы қосымша орнатыла бастады. Алдымен мұндай бағдарламаны 40 пен 54 жас аралығындағы 21 мың ер адам орнатады. Себебі дәл осы жас аралығындағы өлім көрсеткіші жоғары. 

Егер 24 сағат ішінде адамнан тіршілік белгісі байқалмаса, яғни ол телефонды, электр қуатын пайдаланбаса, қозғалмаса, дереу оның көршілеріне, қамқоршысына немесе аудан әкімдігінің қызметкеріне хабарлама жіберіледі. Қызметкерлер адамның үйіне барады немесе оның жағдайын телефон арқылы тексереді.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елде тек бір адам тұратын 9 миллионнан астам үй-жай бар. Ал Кореяда халық саны 51 миллионға жуық. Былтыр адам басы 20 мыңға азайған. Оның үстіне жыл санап бала туу коэффициенті де төмендеп барады. Ажырасу санының өсуі мен некелесу көрсеткішінің төмендегенін ескере отырып, болжам мәз емес, себебі жалғыз тұратын оңтүстік кореялықтардың саны алда өсе бермек.

Авторлар: Владислав Цой, Ольга Лян