Әлемде 220 млн-дай адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Пандемия денсаулыққа ғана емес, тұрмысқа да ауыртпалық салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең қиыны, адамдар табыстан қағылды. Бизнесті ұршықтай үйірген талай мықты бұл күнде тапқан таянғанын тауысып, кәсіптің өзге түрін меңгеруге көшті. Әліптің артын күткендер де шаршады. Халықаралық еңбек ұйымының зерттеуі бойынша биыл әлемде 220 миллиондай адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Пандемияның еңбек нарығына тигізген зардабы орасан екені айтпаса түсінікті. Тек былтырдың өзінде жер бетінде 114 миллион адам табыссыз қалған. Әрбір алтыншы жас маман жұмысынан айырылды. Қалғанының жұмыс күні орташа есеппен 23% қысқарды. Әйелдер мен көлеңкелі бизнесте жүрген 2 миллиардтай адам да коронавирустан зардап шекті. Ал өз күнін әзер көріп жүрген жұрт қайтпек? Осыған байланысты Халықаралық еңбек ұйымының мамандары халықтың осал топтарын әлеуметтік тұрғыдан қолдау стратегиясын бекітпей кедейшілікпен күрес нәтиже бермейді деп отыр.

Гай Райдер, Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры:

– Індеттен кірісі төмен елдердегі жұмыссыздықпен күрес қиындап, жағдай нашарлай түседі. Ал бай елдер жетілдірілген салық-бюджет саясаты мен вакцинаға қолжетімділіктің жоғары болуы себепті дағдарысты жеңіл еңсереді деп ойлаймыз.

Халықаралық еңбек ұйымының болжамы бойынша әлемдік еңбек нарығы індетке дейінгі көрсеткішке тек 2023 жылы ғана жетеді. Алдағы жартыжылдықта жұртты жұмыспен қамту ісінде біршама өсім болады деген де жорамал бар. Бірақ оның бәрі эпидемиологиялық ахуал мен халықты вакциналау науқанымен тікелей байланысты дейді мамандар.

Ал енді мына дерекке қараңыз, АҚШ-та жұмыс орындары қайта ашыла бастады. Бірақ бір қызығы, еңбек еткісі келетіндер табылмай тұр. Себебі жұрттың бәрі індет кезінде жұмыссыздық бойынша берілетін жәрдемақыға сеніп алған. Сондықтан ешкімнің жұмыс істеуге құлқы жоқ. Осыған байланысты АҚШ-тың 25 штаты пандемия кезінде халықты қолдаудың федералдық бағдарламасын мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Негізі бұл бағдарлама қыркүйек айына дейін жалғасуы керек болған. Бірақ биліктегілер оны маусым-шілде айларының ортасына дейін шегергелі отыр. Жұрт жұмысқа шықпаса, елдегі кәсіпорындарда маман тапшылығы туады. Сондықтан осындай шешімге келдік дейді штат басшылары. Қазіргі таңда бүкіл Америка бойынша 15 миллионнан астам азамат мемлекет тарапынан әр апта сайын 300 доллар көлемінде жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алады.

Айта кетейік, сәуір айында Джо Байденнің әкімшілігі ковидтен көз жұмған азаматтарды жерлеу рәсіміне 9 мың долларға дейін қаржылай көмек көрсету бағдарламасын іске қосқан болатын.

Марк Хамрик Банкрат, экономика сарапшысы:

– Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша сәуір айындағы көрсеткіш тәуір деуге келмейді. Ол біз күткеннен де төмен болып шықты. Небәрі 266 мың адам ғана жұмысқа орналасқан. Ал біздің жоспарымыз бойынша бір айда 500 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылуы керектін. Енді ел үкіметі қабылдаған шаралардан соң өсім 700 мыңға жетеді деп отырмыз.

Ал Италияда жағдай мүлдем басқа. Мұнда жұмыссыздық белең алды деуге болады. Мәселен, былтыр Италияда 18 бен 30 жас аралығындағы 185 мыңдай адам жұмыссыз қалған. Түрлі компанияда еңбек ететін қызметкерлердің саны жарты миллионға қысқарған. Бұл туралы әлеуметтік-экономикалық зерттеулер институтының баяндамасында айтылған. Ал отбасылардың 5,5 процентінде жылдық табыс 50 пайызға азайыпты. Коронавирус дағдарысы кәсіпкерлер санына да әсер еткен. Індет басталғалы Италияда 300 мың адам бизнесін тоқтатқан. Жұмыссыздықтың белең алуын тоқтату үшін ел билігі азаматтарды қызметінен босатуға тыйым салды. Ол осы айдың соңына дейін күшінде болады.

Ал Германияда жұмыссыздық мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Алдыңғы айдың өзінде 15 мың адам жаңа қызметке орналасыпты. Сарапшылардың айтуынша, бұл шектеу шараларының алынып тастауымен байланысты. Өйткені карантин кезінде жұмысшылар санын қысқартуға мәжбүр болған мекемелер қазір қайтадан жаңа жұмыс орындарын ашып жатыр екен. Азаматтарды жұмыспен қамту агенттігінің мәліметіне сәйкес, қазір Германиядағы жұмыссыздық деңгейі шамамен 6 процент төңірегінде.

Детлеф Шеле, жұмыспен қамту жөніндегі федералды агенттік басшысы:

– Мамырда 2,5 миллион тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелді. Бұл сәуір айымен салыстырғанда 84 мыңға аз. Ал былтырғы көрсеткіштен 126 мыңға кем. Жалпы, соңғы 3 жылда жұмыссыздық деңгейі орташа есеппен 56 мың адамға төмендеді. Бұл жақсы жаңалық.

Испанияның еңбек нарығы да соңғы айларда оңала бастаған. Еңбек министрілігі қызметкерлерінің айтуынша, жұмыссыздар саны алдыңғы аймен салыстырғанда 130 мыңдай адамға азайыпты. Статистикаға сәйкес, жаңа жұмысқа орналасып жатқандардың дені 18 бен 25 жас аралығындағы азаматтар екен.