Пандемия уақытында Германия қалаларында ауа тазарған

Еуропа соты экология күні қарсаңында Германияның 26 қаласы мен муниципалитетінде ауа ластанған деген қаулы шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Анықталғандай, 2010-2016 жылдар аралығы аталған өңірлерде ауадағы азот тотығының мөлшері қалыпты деңгейден біршама асып кеткен. Осыған байланысты сарапшылар тобы енді дабыл қағып отыр. Себебі ауаның ластануынан тұрғындарға аурудың ауыр түрлеріне шалдығу қаупі төнген. Десе де, неміс мамандары «мәселе айтарлықтай күрделі» емес дейді. Айтуларынша, 2016 жылы бүкіл Германия бойынша ауасы былғанған 90 қала болса, пандемия уақытында небәрі алты шаһар ғана қалыпты. Негізі Германияда ауасы ластанған қалаларды тазарту үшін мегаполистерге дизель отынымен жүретін ескі автокөліктер кіргізілмейді. Өйткені олар ауа ластайтын негізгі көз саналады.

Йорг Кирст, Германиядағы автомобилистер одағының сарапшысы:

- Германияда ауа сапасын жақсарту үшін шұғыл шаралар қабылдауды қажет ететін қалалар бар. Дей тұрғанмен, осы мақсатта басымдықты электромобильдерге беру керек деген ой жоқ. Заманауи технологиялар қолданылған жаңа қозғалтқыштар ауаны тазартуға көмектесе алады. Бірақ дизель отынымен жүретін ескі көліктерге қатысты бұлай айта алмайсың. Сондықтан олардың кей көшелермен жүруіне тыйым салынған. Ереже бұзылса, бірден айыппұл салынады.