Қытайда той бизнесі жанданды

Қытайда той ұйымдастырушылардың қолы жүре бастады. Пандемия кезінде басымен қайғы болып кеткен жұрт енді ес жинай бастаған. Жалпы бұл елде жастар неке қию рәсімін мейрам күндері өткізуді жоспарлайды. Ол үшін бір жыл бұрын кезекке тұрады. Мәселен, мамыр айындағы мереке күндері 400 мыңнан астам үйлену тойы өткен.

Бейжіңде тұратын Тамаша былтыр тұрмысқа шықпақ болған. Алайда пандемияның кесірінен жоспары өзгерді.

Тамаша Ермекқызы, Бейжің тұрғыны:

- 2020 жылы бесінші айда той болады деп жоспарлағанбыз. Оған індет жағдайынан биылғы бесінші айға өзерттік. Биыл Бейжіңдегі індет жағдайы жалпы жақсы болды, үкімет жақсы қызмет істеді, той саласы ашылды. Алдыңғы бесінші айда тойды жақсылап өткізіп алдық.

Сала қызметкерлерінің айтуынша, өткен жылдың бірінші жартысында мүлдем той болмаған. Екінші жартысында да тапсырыс аз түскен. Ал биылдан бастап той бизнесі қалпына келе бастады. Дегенмен, індеттің салқыны жоқ емес, халық тойға бұрынғыдан аз қонақ шақыратын болған.

Ван Яньлин, Event-менеджер:

- Жұрт салтанатты шара өткізуге жұмсайтын қаражатын қысқарта бастағанын байқадық. Жалпы агенттігімізде той ұйымдастыру қызметі 40 мыңнан 100 мың юаньға дейін тұрады. Оған бөлмені әшекейлеу мен жарықтандыру, фото мен бейне түсіру, визажист пен жүргізушілердің қызметі кіреді. Сонымен қатар жас жұбайлар сапаға көбірек көңіл бөле бастады. Тойының өзгелердікінен ерекше болғанын қалайды.

Той нарығы өскенімен отау құруға ниетті жастар саны біртіндеп азайып барады. Былтыр Қытайда 8 миллион үйлену тойы өткен. Мамандардың айтуынша, неке қию саны жеті жыл қатарынан азайып келеді. Себеп қалтадағы қаражат. Күйеу жігіттің қалада пәтері болғаны маңызды, одан бөлек той жасап, жүзік сатып алып, қалыңдығының ата-анасына қалың мал төлеуі тиіс. Оның мөлшері де сай болуы керек. Мысалы 288 мың юань. Қытай тілінде 8 саны байлық сөзімен үндес. Ал бұл 45 мың доллармен шамалас.

Автор: Ботагөз Сырғабаева