АҚШ-та балалар арасында коронавирус жұқтыру көрсеткіші артып келеді

Осы уақытқа дейін америкалықтардың 138 миллионы толықтай екпе салдырып үлгерген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вакциналаудың қарқынды жүргізілуінің арқасында елдегі жағдай біршама түзелді. Алайда, халық қалыпты өмірге оралғанмен, кішкентай бүлдіршіндердің денсаулығына қауіп төнді.

Талғат Алманов, тілші:

- АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы кәмелетке толмағандар арасында ковидті жұқтыру көрсеткіші артып келеді деп хабарлайды. Әсіресе, 5 пен 11 жас аралығындағы балалардың індетті жұқтыру ықтималдылығы жоғары болып отыр. Өйткені елдегі қазіргі нұсқаулық бойынша ковид вакцинасын тек 12-ден асқандар ғана салдыра алады.

Пол Оффит, педиатр:

- Вакцина алмаған, яғни 12-ге толмаған балаларды қауіп-қатерден қорғауымыз керек. Мысалы белгілі бір ғимараттың ішінде кімнің вакцина алғаныны немесе алмағанын біле алмайсыз. Сол себепті бала маскасын шешпегені жөн. Сақтықта қорлық жоқ.

Осы орайда вакцина алуға денсаулығы жарамайтын балалардың ата-анасы алаңдай бастады. Өйткені көптеген штаттарда маска тағу мен әлеуметтік арақашықтықты сақтау ережелері алынып, мектептер мен сауда орталықтары қалыпты режимге ауысуда. Демек, екпе алмаған бүлдіршіндердің ондай жерлерде болуы қауіпті. Сол себепті алдағы уақытта сала мамандары ковид екпесін барлық жастағы балаларға қолжетімді етуді көздеп отыр.

Энтони Фаучи, АҚШ-тың ұлттық аллергия және жұқпалы аурулар институтының директоры:

- Қазіргі кезде балалардың жас ерекшеліктеріне қатысты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни ковид екпесін 2-ден 12 жасқа дейінгі балалардың алуына жағдай жасау. Жыл соңына дейін діттегенімізге жетеміз деп үміттенемін.

Жалпы балалардың ковид індетін жұқтыру көрсеткіші ересектермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мәселен, Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша АҚШ-тағы 74 миллион баланың 300-ден астамы ғана ковид індетінен қайтыс болып, бірнеше мыңы ауыр дертке ұшыраған. «Дегенмен, көптеген штаттардағы  локдаунның алынып тасталуы және халықтың қалыпты өмірге оралуы көрсеткіштің өсуіне алып келуі мүмкін», - дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров