Калифорнияның шарап өндірушілері қиын кезеңге тап болды

Калифорнияның шарап өндірушілері қиын кезеңге тап болды

АҚШ-тың Калифорния штатындағы шарап өндірушілер қиын жағдайда қалғандарын айтып шағымданып отыр. Оның бірнеше себебі бар. Былтыр өңірде орман өрті өршіп, жүзім алқаптарының біразын бүлдірген. Сонымен қоса пандемия да өз кесірін тигізіп отыр. Өйткені коронавирус салдарынан елде жұмыссыздық деңгейі артып, билік көші-қон саясатын қатаңдатқан. Осыған байланысты еңбек мигранттарының біразы өз отанына кері қайтуға мәжбүр болған. Салдарынан жұмыс күшінің тапшылығы туындап отыр.

АҚШ – шарап өндірісі бойынша әлемде төртінші орында тұрған мемлекет. Бұл ішімдік, әсіресе, Калифорнияда көп шығарылады. Алайда статистика бойынша, штаттың ауыл шаруашылық саласындағы жұмысшылардың жартысынан астамы мигранттар екен. АҚШ-тың қоғамдық тамақтану саласының өкілдері де пандемия салдарынан шетелдік жұмыс күшінің тапшылығы туындағанын айтып отыр.

Анита Оберхолстер, профессор:

– Қазір Калифорнияның шарап өндірушілері қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Түйткілдер көбейіп кетті. Бір жағынан табиғат апаты болса, екінші жағынан пандемия бар. Соның салдарынан жұмыс күші жетіспей жатыр. Шамасы келетіндер өнімді арнайы техниканың көмегімен жинайды. Алайда кейбір жүзім алқабы ондай жұмыстарға арналмаған.