Токиодағы Олимпиада кезінде айқайлауға тыйым салынуы мүмкін

Токиодағы Олимпиада ойындарының басталуына 2 айдан аз уақыт қалды. Алайда соңғы кезде дүбірлі доданы өткізуге қарсы пікір көбейіп кетті.

Мұны тек тұрғындар ғана емес, тіпті шараның демеушілері де қолдап отыр. Олимпиадаға бекітілген 80 мың волонтердің 10 мыңы көмектеспейтін болды. Өйткені жазда Жапонияда коронавирустың төртінші толқыны басталады деген қауіп бар. Ұйымдастырушылар қажетті сақтық шараларының барлығы сақталады, сондықтан алаңдауға негіз жоқ дейді. Шетелдік көрермендер дүбірлі додаға келе алмайды. Ал жанкүйер боламын деген жергілікті тұрғындар вакцина сертификатын көрсетуі тиіс. Немесе коронавирусқа тапсырған тесттің теріс нәтижесін растайтын құжатты алып жүруге міндетті. Оның мерзімі 7 күннен аспауы керек. Жапондар бір аптадан кейін тестті тағы тапсыруы қажет. Одан бөлек жергілікті басылымдар тағы бірқатар ережелер болатынын хабарлайды. Мәселен, жанкүйерлер спортшыларды қолдау мақсатында айқайлай алмайды. Олимпиада нысандарында тамақ мен алкогольді сусындар сатылмауы мүмкін. Бұл талаптар тұрғындар тарапынан сынға ұшырады. Шектеу шараларына қатысты нақты шешім осы айдың соңына дейін жария етілуі тиіс.

Иан Честерман, Австралия Олимпиада делегациясының басшысы:

«Токио билігі мен ұйымдастырушылар Олимпиада ойындарына жіті дайындалып жатқанын білеміз. Әсіресе қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Біз де қарап отырмаймыз. Жапонияға аттанар алдында споршыларымыз 14 күн бойы бақылауда болады. ПТР-тест тапсырады. Токиоға жеткеннен кейін 96 сағат ішінде бұл шара 2 рет қайталанады. Тек осыдан кейін Олимпиада қалашығына кіруге рұқсат беріледі. Сосын спортшылар күн сайын тексеруден өтіп отырады. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі үшін алаңдамауға болады деп ойлаймын». 

Былтыр өтпей қалған тағы бір спорттық шара - ол Еуро-2020. Бір жылға шегерілген жарыс осы сенбіде басталады. Футболдан Еуропа чемпионатын құрлықтағы 11 ел қабылдайды. Алғашқы ойындардың бірі Римдегі Олимпиада стадионында өтеді. Оған 16 мың жанкүйер кіре алады. Шетелдіктерге де рұқсат етілді. Бірақ жанкүйерлер билеттен бөлек вакциналау сертификатын немесе ПТР-тесттің теріс нәтижесін көрсетеді. Болмаса бұған дейін коронавируспен ауырғанын растайтын анықтама керек. Ол құжаттарды Италияның медициналық органдары беруі тиіс. Жанкүйерлердің стадионға кіруіне қатысты жаңалыққа жергілікті жұрттың пікірі қақ жарылды.

- Жанкүйерлерге стадиондарды қайта ашуға әлі ерте деп ойлаймын. Вирус жұқтырғандар саны әлі де көбейіп жатыр. Бұл шешім тек футбол клубтарының пайдасы үшін қабылданған.

- Меніңше, бұл дұрыс. Енді тек футбол ғана емес, басқа салаларға да осындай мүмкіндік берілсе, тіптен керемет болар еді. 

Чемпионат көрермендері ғана емес, футболшыларға қатысты да талап қатаң. Олар да тест тапсырып отыруға міндетті. Сөйтіп, жарыстың басталуына бірнеше күн қалғанда Испания құрамасының капитаны Серхио Бускетстің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Салдарынан «Барселона» клубының жартылай қорғаушысы карантинге кетті. Ал қалған ойыншылар дайындықты жалғастырады.  

Қазір Канада мен АҚШ-та Стэнли кубогі өтіп жатыр. Алайда екі мемлекет арасындағы шекара биыл наурызда жабылып қалған еді. Сондықтан Канада билігі көрші елдің командаларына елге кіруге рұқсат берді. Американдықтар кубокке қатысу үшін бірақатар талаптарды сақтауы тиіс. Мәселен, жекеменшік ұшақпен ұшып келеді. Арнайы қонақ үйде тұрады. Тек аренаға барып келіп отырады. Сондай-ақ хоккейшілер күн сайын ПТР-тест тапсыруға міндеттеледі. 

Спорттық жарыстар мен мәдени фестивальдерден бөлек ресми басқосуларды ұйымдастыру жағына да өзгерістер енгізіліп жатыр. Мәселен, өткен аптада Санкт-Петербургте өткен халықаралық экономикалық форум қатысушыларынан ПТР-тест талап етілген. Ол үшін 54 бекет ұйымдастырылды. Сөйтіп, бірнеше күндік шара кезінде 52 мың тексеру жүргізіліпті. Оның 500-інен вирус анықталған. 

- Жалпы ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, форумға биыл әлемнің 140 елінен 13 мың адам келген екен. Сөйтіп, жалпы сомасы шамамен 4 триллион рубльге 800-ден аса келісім-шартқа қол қойылыпты.