Пәкістанда темір жол апатынан қаза тапқандар саны артты

Пәкістандағы темір жол апатынан қаза тапқандардың саны 51-ге дейін жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарақат алған ондаған адам ауруханада жатыр. Жергілікті билік қайғылы оқиғаға қатысты тергеу ісін жалғастыруда. Мамандардың айтуынша, апат орын алған жердің жолы жақсы болған. Елдің темір жол министрі апатқа техникалық ақау немесе экипаждың қателігі себеп болуы мүмкін дейді.

Естеріңізге салайық, кеше Пәкістанның оңтүстігіндегі Синд провинциясында экспресс пойыз шойын жолдан шығып кетіп екінші пойызға соғылған. Екі пойызда да шамамен 1 100 жолаушы болды.

Азам Свати, Пәкістанның темір жол министрі:

- Премьер-министрмен үнемі байланыстамыз. Министрлер кабинеті жағдайды бақылауда ұстап отыр. Апат орын алған жолдың сапасы жақсы. Қазір мамандар қайғылы оқиғаға нақты не себеп болғанын анықтауға кірісті. Болжам бойынша техникадан ақау шығуы мүмкін. Болмаса көлік жүргізушісі қателік жіберген.