ДДСҰ: Жаңа штамдар вакцина алмағандар үшін қауіп төндіруі мүмкін

Коронавирусқа қарсы шектеулерді бірден алып тастау қисынсыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа штамдар індетке қарсы егілмегендер үшін қауіп төндіруі мүмкін деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус. Дүние жүзінде жаңа штамдар жылдам таралуда. Сондықтан шектеулерді біртіндеп жеңілдетіп, көлемді іс-шараларды өткізуге аса мұқият қарауға шақырды. Ұйым басшысы вакцинаның әділетті бөлінбеуі індеттің таралуына тосқауыл қоюға кедергі екенін де еске салды. Мысалы, әлемде алғашқы вакцина салынғаннан бергі 6 айдың ішінде ауқатты елдер дүние жүзіндегі екпенің 44 процент дозасын қолданса, кедей мемлекеттер оның тек 0,4 процентін егіпті.

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:

- Кез келген мемлекет қандай да болмасын ірі шараларды өткізбес бұрын одан туындайтын қауіп-қатерді нақты саралауы тиіс. Ал вирустың таралуы жоғары болып, оның алдын алу мүмкін емес екенін білсе, шарадан бас тартқаны абзал.