Германияда 12 жастан асқан жасөспірімдерді вакциналау басталды

Енді елде COVID-19-ға қарсы вакцинаны қызметіне не жасына қарамасатан кез келген азамат ала алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда әзірге үш аймақта ғана осал топтарды егу жүргізіліп жатыр.

Германияда коронавирусқа қарсы жасы 12-ге толған балаларды да вакциналау басталды. Шара ерікті түрде жүргізіліп жатыр. Жасөспірімдерді тек BioNTech- Pfizer вакцинасымен егетін болады. Халық арасында жүргізілген сауалнамаға қатысқан ата-аналардың жартысы балаларын егуді қалайтынын айтқан.

Ванесса, оқушы:

- Мен өзімді ерекше сезінемін. Себебі достарымның әлі бірде біреуі вакцина салдырған жоқ. Бірақ бір жағынан бұл жақсы. Өйткені енді коронавирус жұқтырам деп қорықпауыма болады.

Осы аптадан бастап Еуроодақта халқы ең көп саналатын Германияда жаппай вакциналау басталды. Бірақ вакциналау орталықтарында билік күткендей ұзын-сонар кезектер жоқ. Екпе алатындар телефон арақылы алдын ала жазылуы тиіс. Жалпы елде қазірге дейін халықтың 20%-і вациналанған. Бұл 17 миллионнан астам адам. Тағы 38 миллион тұрғын екпенің бірінші дозасын салдырған. Алдағы уақытта вакциналау науқаны күшеюі мүмкін. Шараға өндіріс орындарында бекітілген 6 мың дәрігер жұмылдырылмақшы. Олар қызметкерлерді жұмыс орынында вакциналайтын болады.

Петер Альтмайер, Германия экономика министрі:

- Бүгін вакциналау бағдарламасына кәсіпорындардағы 6 мың дәрігер қосылады. Осылайша, олардың көмегімен бір айда тағы 3 миллион адам егіледі. Бұл – пандемиямен күрестегі ірі қадам. Біз осы жазда кез келген адам вакцина алғанын қалаймыз. Өнідірістердегі жұмысшыларды егу маңызды.

Осы аптада Германияға 6,5 миллион доза вакцина әкелінуі керек. Билік тұрғындардың бәрін егетінін айтады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі шілденің ортасына дейін елдегі егде адамдардың 80%-і вакцинаның бірінші дозасын алады деп болжап отыр.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский