Өзбекстанда әйелдерге қатысты күш көрсету деректері көбейген

Өзбекстанда 65 жастан асқан адамдардың көбі ата-ананың жас жұбайлардың жеке өміріне араласуы отбасыдағы бірлікті сақтауға сеп болады деп есептейді.

Тұрғындардың 10%-тен астамы әйелге қол жұмсау орынды деп есептейді. Өзбекстанда отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі қазір қандай жағдайда?

Риат Шони, тілші:

- Өзбекстанда отбасыда әйелге қатысты күш көрсету деректері көбейген секілді. Өйткені биыл 4 айдың ішінде тәртіп сақшылары зорлық-зомбылық көрген 14 мың 165 нәзік жандыға қорғау нұсқамасын шығарған. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, былтыр, яғни 2020 жылдың толық қорытындысы бойынша бұндай қорғау нұсқамалары 14 мың 774 әйелге берілген болатын.

Умида Абдуллаева, Өзбекстан Республикасы ІІМ Бас басқарма бастығының орынбасары:

- Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты деректермен учаскелік инспекторлар жұмыс істейді. Олар 24 сағаттың ішінде жәбір көрген әйелге қорғау нұсқамасын шығарады. Кейін нәзік жанды 30 күн бойы тәртіп сақшыларының ұдайы бақылауында болады. Бір ай өткеннен кейін әйелдің өміріне әлі де қауіп төніп тұрса, онда қорғау нұсқамасының мерзімі арыз жазу арқылы

Жалпы отбасыдағы зорлық-зомбылықтың туындауына, әйелге қатысты күш көрсетуге басты себепкер алкогольдік ішімдік болып отыр. Бұндай тоқтамға Өзбекстанда арнайы сауалнама жүргізген «Әлеуметтік ой»  қоғамның пікірін зерттеу орталығы келіп отыр. Мамандар көрші елде отбасылық өмірде туындайтын негізгі проблемаларды егжей-тегжейлі зерттепті. Оның қорытындысы бойынша мынадай нәтижелер алынды. Бірінші кезекте сұралғандардың 10%-тен астамы «әйел ерсі қылықтарымен күйеуін арандатса, онда оған қатысты күш көрсетуге болады» деп есептейді екен.

Блиц 1:

- Жоқ, әйелге қол көтеруге болмайды. Қандай жағдай болмасын әйел әйел болып қалады. Тек әлсіздер ғана күш көрсетеді.

Блиц 2:

- Егер әйел өзінің ерсі қылықтарымен арандататын болса, онда оны орнына қоюға болады.

Блиц 3:

- Еркек әйелге қол көтермеу керек. Бұл дінде де қарсы әрекет.

Гүлжамал Шукурова, Махалля мен отбасыны қолдау министрлігінің бөлім басшысы:

- Бір проценттің өзі бізге ары қарай да жұмыс істеу керек екенін көрсетеді. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық – үлкен проблема. Ол пандемия кезінде одан бетер өрши түсті. Қазір біз бұны жою үшін шетелдік тәжірибелерді қарап, тиісті заң жобаларын әзірлеп жатырмыз.

Жақын арада Өзбекстанда отбасыда жәбір көрген әйелдерге тәулік бойы кеңес беріп, көмектесе алатын қауырт желі іске қосылмақ. Тағы Президенттің қаулысына сай бұрыннан жұмыс істеп тұрған зорлық-зомбылық көрген әйелдерді оңалту және бейімдеу орталықтары таратылып, оның орнына жаңадан 29 орталық құрылмақ. Бұнда нәзік жандыларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек түрлері көрсетілетін болады.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов