Трамптың мәлімдемесіне ҚХР СІМ ресми өкілі жауап берді

Қытай сыртқы істер министрлігі Трамптың өтемақы жөнінде мәлімдемесін мыңдаған азаматтың ажалы үшін жауапкершілігін өзгелерге арту әрекеті деп атады.

АҚШ-тың бұрынғы президенті әлемді коронавирус пандемиясы үшін Қытайдан 10 триллион доллар өтемақы талап етуге шақырды.

Айта кету керек, Дональд Трамп бұрын да індеттің таралуына Қытайға кінә тағып жүрген. Ресми Бейжің бұл айыптарын теріске шығарып отыр.

Ван Вэньбинь, ҚХР СІМ ресми өкілі:

- Дональд Трамптың президенттігі кезінде АҚШ-та COVID-19 дертін жұқтыруды 24 миллион дерегі тіркеліп, 410 мыңнан аса адам көз жұмған. Осыған қарамастан, Трамп пандемиямен күрестегі өз жауапкершілігін өзгелерге артып, қоғамның көңілін тысқа аудару үшін Қытайға айып таққан. Америка халқы бұл үшін кім жауапты екенін біледі. Жоғары лауазымда болып, адамдардың өмірі мен денсаулығына көңіл бөлмеген екіжүзді саясаткерлерді жауапқа тарту керек.