426,61 518.00 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Якутиядағы үйлер климаттың өзгеруінен құлап қалуы мүмкін

  • 93
  • UPD: 21:46, 08.06.2021

Түрік ғалымдары Мәрмәр теңізіндегі экологиялық апатқа қатысты дабыл қағып отыр. Олардың алаңдауы бекер емес. Өйткені теңіз бетін қалың шырышты қабат жаба бастаған. 

Қазір судағы оттегі деңгейі айтарлықтай төмендеген. Салдарынан ауа жетіспеген теңіз жануарлары қырылып жатыр. Балықшылардың да суға шығуы қиындаған. Өйткені қайықтардың моторы мен аулар шырыш кесірінен бітеліп қалады. Осылай жалғаса беретін болса, алдағы уақытта аулайтын түк те қалмайды. Негізі өңірде мұндай табиғи құбылыс алғаш рет байқалып отырған жоқ. Алайда мамандар оның жылдан жылға ауқымды болып бара жатқанын айтады. Биылғысы тіпті қауіпті дейді. Сарапшылар жағдайдың негізгі екі себебі барын айтады. Ол климаттың өзгеруі, яғни орташа температураның жоғарылуы. Екінші себебі Стамбұлдың кәріз суларының ластауымен байланысты. Түркия үкіметі 300 маман кіретін арнайы топ құрып, оларды аймаққа жіберді. Мәрмәр теңізі Босфор бұғазы арқылы Қара теңізге жалғасады. Сондықтан мамандар қазіргі жағдай Қара теңіздің экологиясы үшін де қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді.   

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

- Біз осыған дейін Алтын мүйіз шығанағын қалай тазарттық, Мәрмәр теңізінде де осындай жұмыстарды жүргіземіз. Бұл шырыш Қара теңізге дейін жете ме де қауіптеніп отырмын. Оның салдары ауыр болуы мүмкін.

Мұрат Курум, Түркия қоршаған орта және қала құрылысы министрі:

- Мәрмәр теңізін өз қорғауымызға аламыз. Алдағы үш жылда қажетті шаралар қабылданып, барлық жобалар іске асырылады. Теңізді тазарту жұмыстарына түрлі мекемелер, муниципалитеттер, спортшылар, артистер мен тұрғындар қатысуы тиіс.

Ресейдің Якутск қаласында климаттың өзгеруінен қабырғасына сызат түскен үйлер көбейіп барады.

Ғалымдардың айтуынша, осыдан 25-30 жыл бұрын мұндағы мәңгі тоң жазда әрі кетсе бір жарым метрге дейін еритін. Ал қазір 3-5 метрге дейін еріп кететін көрінеді. Тиісінше үйлердің шөгуі де жиілеген. Мамандар осылай жалғаса берсе, 70 жылдан кейін қаладағы ғимараттардың 70 проценті опырылып құлауы мүмкін дейді. 

Валентина Дмитриева, экологиялық ағарту орталығының директоры:

- Мәңгі тоңдағы үйлер қадаларға орнатылады. Ондай темірлердің биіктігі 8 метр. Енді ойлай беріңіз, қазір жазда мәңгі тоң 5 метрге дейін ерісе, ар жағында 3 метр қалады. Бұл қауіпті көрсеткішке аз қалғанын білдіреді.

Ғалымдар климаттың өзгеруінің басты себептерінің бірі адамның іс-әрекетімен байланысты екенін айтады. Салдарынан қазір әлемде көмірқышқыл газының ауаға бөліну мөлшері тарихта бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге жеткен. Бұл туралы американдық ғалымдар хабарлайды. Негізі 2020 жылы шектеу шараларына байланысты біраз өңірде экологиялық ахуал жақсарып қалған еді. Алайда көмірқышқыл газы ауада мыңдаған жылдар бойы сақталады екен. Оның үстіне жаһандық жылыну салдарынан орман өрті жиілеп, бұл да экологияның нашарлауына өз кесірін тигізіп жатыр.   

Имран Хан, Пәкістан премьер-министрі:

- Пәкістан климаттың өзгеруінен ең қатты зардап шеккен елдердің бірі. Жаһандық жылыну салдарынан мұздықтардың еруі еліміздің су ресурстарына қауіп төндіріп отыр. Үкімет түрлі экологиялық шаралар қабылдап жатыр. Мақсат тұрғындарды жастайынан қоршаған ортаны қорғауға үйрету. 

Жалпы ғалымдар бұл мәселеде шұғыл шаралар керек екенін айтады. Өйткені климаттың өзгеруі салдарынан жауын-шашын көбірек түседі дейді. Салдарынан алапат су тасқындар қаупінің артуы да жоғары болып отыр.

Хабар 24 телеарнасы