Пандемия кезінде ядролық қару алуға ақша көп бөлінді

Былтыр әлем коронавирустан зардап шегіп, қырылып жатқанда ядролық қаруға ие елдер жаппай қырып жоятын қаруға бөлетін қаржы көлемін арттырған. Пандемия кезінде қару сатып алған американдықтар саны да күрт көбейген. Жұрт індетке дәрі таппай жанталасқанда, азғантай алпауыт елдің қаруға қаржы құйғаны қалай?

2020 жылы ядролық қаруға бөлінген қаржы көлемі 1 миллиард 400 миллион долларға артқан. Мұндай мәліметті Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық ұйым жариялады. Бастапқы үштікте АҚШ, Қытай және Ресей тұр. Еуропадан Ұлыбритания мен Франция бар. Ковид науқастарына ауруханадан орын табылмай, оттегі баллондары жетіспеген Үндістан жаппай қырып жоятын қаруға ақшаны аямай салған. Биыл 11 күн бойы Газа секторын зымыранмен атқылап, халықаралық қауымдастықтың сынына ұшыраған Израиль ядролық арсеналын күшейте түскен. Алғашқы тоғыздыққа мұсылман елдерінен Пәкістан енген. Тізім басында тұрған АҚШ-қа үнемі дөң-айбат көрсететін Солтүстік Корея да бұл қатардан қалыспаған. Десек те Біріккен Ұлттар Ұйымы ядролық арсеналды күшейтуге қарсы емес. Ал жаппай қырып жоятын тағы бар қару түрі – химиялық қаруды қолдануға тыйым салады.

2020 ЖЫЛЫ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУҒА ЖҰМСАЛҒАН ҚАРЖЫ КӨЛЕМІ

АҚШ $37,4 млрд

ҚЫТАЙ $10,1 млрд

РЕСЕЙ $8 млрд

ҰЛЫБРИТАНИЯ $6,2 млрд

ФРАНЦИЯ $5,7 млрд

ҮНДІСТАН $2,4 млрд

ИЗРАИЛЬ $1,1млрд

ПӘКІСТАН $1 млрд

СОЛТҮСТІК КОРЕЯ $667 млн

Идзуми Накамицу, БҰҰ Қарусыздану жөніндегі жоғарғы өкілі:

- Химиялық қаруды халықаралық ережелерді бұза отырып қолданғандардың барлығын жай анықтап қана қоймай, оларды шұғыл түрде қатаң жазалау керек. Бұл бәріміздің парызымыз. Қауіпсіздік кеңесі химиялық қаруға тыйым салатын ережелерді қалпына келтіру ісінде бір ауызды болуы қажет.

Британиялық «Зе Гардиан» басылымының хабарлауынша, АҚШ-та қару-жарақ саудасы індет басталғалы күрт өскен. Сарапшылар сатып алушылардың 20 проценті қаруды бірінші алғанын айтады. Негізі АҚШ-та қарумен жүру - азаматтың конституциялық құқығы. Тек Калифорния штаты ататын қаруға 30 жыл бұрын тыйым салған болатын. Енді бұл заңды алып тастағалы отыр. Себебі ол тұрғындардың өзін-өзі қорғауға қатысты конституциялық құқығын шектейді.

Кевин Гонсалес, жергілікті тұрғын:

- Қаруды барлық адамға беруге болмайды. Себебі ақыл-есі жағынан дайын емес адамдар бар. Оларға қару ұстату өте қауіпті.

Беларусь қаруды өзі өндіргелі жатыр. Бұл туралы бүгін президент Александр Лукашенко арнайы тапсырма берді.

Александр Лукашенко, Беларусь Президенті:

- Біз біреуге соғыс ашып, оны тізе бүктіргелі отырған жоқпыз. Тек қарсыласқа тойтарыс беріп, өзімізді, отбасымызды қорғай алуымыз керек. Құдай бетін аулақ қылсын дейік, бірақ қақтығыс, соғыс болса, әр отбасының, әр аймақтың өз қаруы болуы тиіс.

Бұл елде қазірдің өзінде пошташыларға тапанша немесе револьвер ұстауға рұқсат берді. Сондай-ақ осындай кеңшілікке орманшылар, шаруашылық директорлары мен қорықшылар ие болды.

Автор: Ернат Қашқынов