Ресейліктер Twitter жұмысының баяулауына қатысты ұжымдық шағым түсірді

Қадағалау комитеті мен шетелдік әлеуметтік желілер арасында Ресейде текетірес күшейді.

Биылғы жылдың алғашқы айларында комитет Фейсбук, Twitter және өзге компанияларға 76 миллион рубль айыппұл салды. Ал Твиттерге соңғы 4 жылда тыйым салынған ақпарға байланысты посттар мен аккаунттарды жабу туралы 28 мың өтініш жіберілген. Бірақ желі олардың 3 мыңдайын әлі жаппаған. Сондықтан комитет әлеуметтік желі жұмысын баяулатуды шешкен.

Алексей Раевский, Киберқауіпсіздік бойынша сарапшы:

– Ресей қадағалау комитеті барлық провайдерлерге мынадай арнайы қара жәшіктер қойған. Олар арқылы белгілі қосымшаның жұмысын баяулатып, бұғаттап тастауға болады. Бұл интернеттегі барлық трафикті тоқтатпай жүргізеді.

Тыйым салынған контентті алып тастамаса, Twitter-қолданылған шара Facebook пен Youtube-ке қолданылуы мүмкін. Бұдан бөлек Ресей қадағалау комитеті Youtube Ресей телеарналарына үнемі цензура қолданады деп айыптап отыр. Ресей блогерлерінің биліктің шешіміне қатысты пікірі екіұдай.

Ксения Собчак, тележүргізуші:

– Youtube арнасына айыптаулар мен сес көрсетулердің бәрі елімізде осындай өнім ұсына алмайтындықтан туындап отырғанын түсінеміз. Бірақ әлеуметтік желінің жұмысын баяулату дұрыс емес. Бұл бәсекелестік емес, цензура. Мен бұған қарсымын.

Алексей Савко, блогер:

– Бұл біздің блогерлер неге тек шетелдік алаңдарға шығатынын және біз неге өзіміздің өнімімізді құрып, жаңа деңгейге көтере алмай жатқанымызды көрсетеді. РУ-tube – қызықты жоба. Мен оның басы қасында болуды қалар едім.

Ақпан айында Ресей Қауіпсіздік кеңесі елдің техникалық тұрғыдан ғаламдық интернеттен бөлінуге дайын екенін жариялады. Бірақ сарапшылар Ресейде барлық ірі сервистерді ауыстыратын балама жоқ, сондықтан оларды жаппай бұғаттау екіталай деп отыр.

Авторлары: Дана Нуржан, Шахзод Гамиров, Ресей.