Үндістанда коронавирустан көз жұмғандардың саны артты

Коронавирус инфекциясынан есеңгіреп қалған Үндістанда дерттен қаза тапқандардың саны 351 мыңнан асты.

Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды. Айтуынша, маусымның 7-сі күні ковид-19-дан 2123 адам көз жұмған. Ал өткен тәулікте 86 мыңнан астам тұрғын індеттің ілмегіне іліккен.

Жалпы коронавирус пандемиясы басталғалы елде 29 млн халық вирус жұқтырған екен. Десе де мамандар аймақта аурудың екінші толқыны бәсеңдегенін айтады. Себебі соңғы күндері ауруға шалдыққандардың қатары өткен апталармен салыстырғанда сәл төмендеген. Егер бұрын тәулігіне 200 мыңнан астам тұрғын денсаулығына шағымданса, енді бұл көрсеткіш 100 мыңға да жетпейді. Вакцина алу науқаны да қарқын ала бастаған.

Бүгінде ел тұрғындарының 17 проценті немесе 235 млн адам екпенің бірінші дозасын қабылдаған.