Мексикада мектеп оқушылары партаға қайта отырды

Бірнеше ай онлайн оқудан кейін 80 мың бала мен 10 мың мұғалім мектеп қабырғасында қауышты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санитарлық ережеге сай ғимаратқа кірер алдында барлығы кезекке тұрып медициналық тексерістен өтеді. Талап қатаң. Маска тағу режимі сақталған. Ал әлеуметтік ара-қашықтық болу үшін сыныптар екіге бөлінеді.

Айта кетейік, Мексикада соңғы кездері эпидемиологиялық ахуал оңала бастады. Аймақта екпе егу науқаны да бір ізге қойылған. Өткен аптада жарты миллионға жуық вакцина салынды. Қазір мамандар 40 пен 59 жас аралығындағы тұрғындарға екпе егіп жатыр. Ал егде жастағы тұрғындардың басым бөлігі вакциналанған. Жалпы пандемия басталғалы Мексикада 2 млн 400 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырып, оның 228 мыңнан астамы көз жұмды.

Нэнси Гильен, мектеп директоры:

- Балаларға санитарлық талаптарды түсіндіріп, қайта тәрбиелеуіміз керек. Бұл оңай бола қоймас. Бұрын оқушылар бір-бірін құшақтап, қолындағы барымен бөлісіп жүретін. Енді досына артық қаламын да бере алмайды. Әрине бұл қауіпсіздік үшін қажет. Сондықтан қалыпты жағдай деп түсіндіруіміз керек.