Өзбекстанда балалардың қатысуымен жол-көлік апаты жиілеп кетті

Журналист Никита Макаренко 2017 жылдан бастап жолдағы қауіпсіздік мәселесі жайлы мақала жазып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, Ташкент қаласы жаяу жүргіншілерге емес, көлік тізгіндеген жүргізушілерге арналған. Себебі, шаһарда бағдаршамы жоқ 12 жолақты жолдар да кездеседі. Бұл көшені кесіп өтпек болған адамдар үшін өте қауіпті дейді Никита Макаренко.

Никита Макаренко, журналист:

- Мен бұл мәселені көтеріп, жауапты мамандардың назарын аударуға тырыстым. Одан еш нәтиже болмаған соң Президентке хат жаздым. Мемлекет басшысы бұл проблемаға назар аударып, мені оның әкімшілігі кездесуге шақырды. Тағы ішкі істер министрлігі жолдағы қауіпсіздікті зерттеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғандығын айтты. Бұл проблеманы шешу үшін жолдарды кеңейте бермей тарылту керек. Тағы заманауи жаяу жүргіншілер жолдары қажет.

Никита Макаренконың дабыл қағатындай жөні бар. Өйткені Өзбекстанда биыл жол-көлік апаты жиіліп кетті. Салдарынан балалар зардап шегіп жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше соңғы 4 айдың ішінде балалардың қатысуымен болған апаттардың саны 25,3%, ал бұл оқиғалардың кесірінен қаза тапқан жасөспірімдердің саны 64,5% өскен.

Эрали Бозоров, Өзбекстан республикасы ІІМ өкілі:

­ Мектептерге баратын жолдарда 185 заманауи жаяу жүргіншілер жолы жетіспейді. Бұл жерлерге батырмасы бар бағдаршамдар орнату қажет. Тағы көптеген көшеде жарық шамдар жоқ. Салдарынан таңғы және кешкі уақытта жасөспірімдердің жолды кесіп өтуі қиын.

Жуырда ЮНИСЕФ пен Өзбекстанның Ішкі істер министрлігі мектеп маңындағы жол қауіпсіздігі жөнінде сауалнама жүргізген болатын. Нәтижесінде Ташкентте сұралған оқушылардың 60 проценті білім ұясына апарар жол қауіпсіз емес екенін айтқан. Жалпы, жолдағы қауіпсіздік мәселесі көрші ел астанасында ғана емес, республика көлемінде алаңдатарлық жағдайда. Өйткені мамыр айының өзінде ғана бірнеше ірі апат болып, салдарынан 31 адам қаза тапқан. Ал Хорезм облысындағы жол-көлік оқиғасының салдарынан мектепті енді бітірген 5 түлек көз жұмды.

Риат Шони, Санжар Шатуляганов