Германия маска тағып жүру тәртібін алып тастады

Германияда Мюнхен қаласы алғаш болып бетперде тағып жүру тәртібін алып тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді шаһар тұрғындарына көшелерде қорғаныш құралын киіп жүрмеуіне болады. Барлық аймақта бассейндер мен фитнесс залдар ашылды. Тұрғындардың мейрамхана мен дәмханаға бармас бұрын коронавирусқа қарсы тест тапсыру тәртібі де алып тасталды. Сән салоны мен киім-кешек дүкендеріне де осындай анықтаманы көрсету міндетті емес. Ертеңнен бастап тұрғындардың ел ішінде саяхаттауына рұқсат етілмек. Шектеулерді жеңілдетуге елде науқастар санының азаюы себеп болған. Соңғы бір тәулікте 3 мыңнан аса адам вирусты жұқтырған. Дегенмен дәрігерлер адамдарды бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды жалғастыра беруге шақырып отыр.

Мишель, Берлин тұрғыны:

– Әрине, карантиннің жеңілдегенін қалаймыз. Тыйымдар азая түссе дейміз. Бірақ күзде індет қайта өршімес үшін бетпердемен жүру тәртібін әлі сақтау керек секілді.

Киара, Берлин тұрғыны:

– Шектеулерді алу адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетеді. Тамақты тапсырыспен емес, достарымызбен бірге дәмханада отырып ішетін болдық. Жалпы тыйымдардың алынып жатқаны қуантады, бірақ босаңсуға ерте. Үнемі ПТР тест тапсырып отыру керек деп ойлаймын.