Франция президенті Эммануэль Макронға қол жұмсаған азамат сотталды

Франция президенті Эммануэль Макронды бетінен шапалақпен тартып жіберген Дамьен Тареля есімді азамат 18 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ 28 жастағы жігіт оның тек 4 айын түрмеде өткізіп, қалғанын шартты түрде өтейді. Валанс қаласының соты осындай шешім шығарды. Ол сотта өзін оңшыл көзқарастағы адам екенін және Макронды Франциядағы жағдайдың нашарлауына кінәлі деп санайтындықтан қол көтергенін айтқан. Ал француз президентінің баспасөз қызметі Макрон өткен сейсенбі күнгі оқиғаға қарамастан халықпен кездесе береді деп мәлімдеді.

Габриэль Атталь, Франция президентінің баспасөз хатшысы:

- Президенттің халықпен бетпе-бет жүздесуі өте маңызды шара. Еліміз індеттен қатты жапа шекті. Біз дағдарысты еңсеріп, экономикамызды қалпына келтіруіміз керек. Ал мемлекет басшысы шешім қабылдау үшін тұрғындармен жүзбе-жүз тілдесіп, олардың пікірін білуі тиіс.

Еске сала кетейік, оқыс оқиға өткен сейсенбі күні осы елдің Дром департаментінде болды. Мемлекет басшысы көліктен шығып, қоршаумен бөлінген тұрғындармен кездесу үшін бір топ адамға жақындайды. Осы кезде бір ер адам Макронды қолынан ұстап тұрып, бетінен шапалақпен тартып жібереді. Президент күзеті шапшаң қимылдап, бұзақыны ұстады.