АҚШ-та вакциналау науқанының күшеюі туризмге серпін бере бастады

Ковид салдарынан халықаралық шекаралардың жабылып, әуе қатынасының тоқтатылуы жаһандық туризмді шайқалтып, тығырыққа тіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Америка Құрама Штаттары зардап шеккен елдердің бір мысалы. Алайда вакциналаудың қарқынды жүргізілуі ол елдегі туристік индустрияға жаңа серпін бере бастады.

Талғат Алманов, тілші:

- Ковид індетінің таралуы АҚШ-тағы туризм индустриясын 760 млрд доллар шығынға батырып, 5 млн жұмыс орнынан айырды. Ал әлем астанасы аталып кеткен Нью-Йоркке келушілердің саны 67%-ке қысқарып, туристердің он жылдық өсіміне нүкте қойды. Осылайша, бір жылдан астам уақыт тұралап қалған туризм саласының қарқыны күннен күнге әлсірей берді.

Тегух Сасонко, туризм саласының сарапшысы:

- Туризм ең қатты зардап шеккен индустриялардың бірі болды. Ол тікелей елдің экономикасына әсер етеді. Бір ғана мысал, АҚШ-та туризм саласындағы жұмыс орындарының көрсеткіші 33%-ке қысқарды. Қаншама адам жұмыссыз қалды. Осыдан-ақ бұл саланың қаншалықты қиындыққа ұшырағанын біле берсеңіз болады.

Алайда АҚШ-тағы вакциналау науқанының күшеюі отандық туризм саласына ерекше серпін бере бастады. Әсіресе, үлкен мегаполистердегі ковид жағдайының жақсаруы ішкі туризмнің аяққа тұруына мүмкіндік беруде. 9 млн халқы бар Нью-Йорк қаласы соның бір ғана мысалы. «Үлкен мегаполистерге келушілердің саны вакциналаудың қолжетімділігіне де байланысты», - дейді мамандар. Осы орайда кейбір штаттардың басшылары мобильді вакциналау орталықтарын көбейтіп, туристерді тартудың тың жолын ұсынуда.

Билл де Блазио, Нью-Йорк мэрі:

- Нью-Йоркке демалу үшін ғана емес, вакцина алу үшін де келіңіздер. Біздің қалада вакциналау орталықтары кез келген турист үшін жұмыс істейтін болады. Қаланың толықтай ашылатын уақыты жақындады. Нью-Йорк қауіпсіз қалаға айналды. Сол себепті келем деушілерге есігіміз ашық.

Қазірдің өзінде америкалық туристердің үштен екісі өзге штаттарға жол жүріп саяхаттауды қалайтын көрінеді. Халықаралық бағыттарға деген сұраныс та артып келеді. «Дегенмен, бұл көрсеткіштер қысқа мерзімді болуы мүмкін», - дейді сала мамандары. Өйткені туристердің қарқынын пандемияға дейінгі межеге жеткізу анау айтқандай оңайға соқпайды деп алаңдауда.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров