Оңтүстік Кореяда ұшқышсыз таксиге арналған әуежай таныстырылды

Сеул көрмесінде келушілер виртуалды рейспен қаланы айналып өте алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүргізушісіз ұшақтарды сынақтан өткізу қазірден басталды. Олардың бірі «Көбелек» деп аталады, ол тігінен қонып, ұшып кете алады. Электр батареялары арқылы жұмыс істейді. Алдыңғы және артқы қанаттары 4 бірдей бұрандамен жабдықталған. Олардың біреуі істен шыққан жағдайда да, ол қона алады. Ақылы басқарылатын такси дрондарын ұшыру 2025 жылға жоспарланған. Қалалық әуе көлігі жолаушылар мен жүктерді орталықтан қаланың кез келген жеріне жеткізе алады. 5G байланысының көмегімен дрондар ауадағы кедергілерді айналып өте алады. Сеулдің көрмесіне 40-қа жуық оңтүстіккореялық және шетелдік компаниялар қатысуда. Онда пилотсыз машиналар мен дрондардың жаңа үлгілері ұсынылған.

Ким Ен Чоль, компания президенті:

- 2022 жылы әуетакси жобасын жүзеге асыра бастаймыз. Қала маңында арнайы орталық салынып, онда авиация басқармасын құру басталады. Ал 2023 жылы ұшқышсыз әуетаксиді сынақ ретінде көкке көтеруді жоспарлап отырмыз. 2025 жылы біз сертификаттауды аяқтап, осындай ұшақтардың жаппай өндірісін қолға алмақпыз.