Түркияда екпе егілмеген тұрғындарды қандай шектеу күтіп тұр?

Түркияда екпе егілмеген тұрғындарды қандай шектеу күтіп тұр?

Түркияда азық- түлік өндірісі мен қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлерін коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа мәлімдеді. Мұндағы мақсат – халықпен тығыз байланыста болатын жұмысшыларды егу арқылы індеттің таралуының алдын- алу. Қазірге дейін елде халықтың 16%-і екпе алған. Олардың қатарында медицина мамандары, мүгедек жандар, қарттар үйінің тұрғындары мен мұғалімдер бар.

Дегенмен, елде кезегі келсе де екпе алмай жүрген тұрғындар да баршылық. Сол себепті екпе туралы куәлігі жоқ азаматтарға шектеу енгізу қарастырылып жатыр. Қазір елде «Sınovac», «Sputnik V» және «Pfizer-BioNTech» вакцинасының қос дозасын 13 млн тұрғын алған.

Юсуф Кесижи, мейрамхана иесі:

– Көптен бері жабық тұрдық. Білетініңіздей, еліміздің басты табыс көзі – қызметтік сала. Сондықтан екпе егудің науқанына бізді қосуы орынды шешім деп ойлаймын. Себебі бірінші мәселе қоғамдық денсаулық қауіпсіздігі болса, екіншісі қызмет секторын қолдау. Жұмыс орнымыздағы қызметкерлердің жасы да әртүрлі.

Дурмуш Жанөз, шаштараз:

– Қазір 45 жастан асқандарға екпе егіп жатыр. Ал мен 32-демін. Жасқа қатысты кезекті көп күтетін едік. Қызмет саламыз өте қауіпті. Тұтынушылар арасында арақашықтық жоқ. Ал жұмыс істеуге мәжбүрміз. Бізді де екпе науқанына қосқаны кеш те болса жақсы жаңалық болды. Енді әріптестеріміздің көбі вакцина салдыруға ниет білдірсе деп тілеймін.