Бельгия қызғылт-сары аймаққа өтуі мүмкін

Еуропалық одақтың штаб-пәтері орналасқан ел қызылдан қызғылт-сары аймаққа ауысуы мүмкін.

Бельгияда коронавирустың беті қайта бастады. Соңғы аптада өлім-жітім көрсеткіші күрт кеміген. Қазір 820 адам ғана ауруханада жатыр. Жансақтау бөліміндегілердің саны 340-қа дейін қысқарған. Олардың көбі қариялар. Соңғы аптада әр жүз мың тұрғынға 186 науқастан келіп тұр. Егер бұл көрсеткіш 150 жағдайға дейін төмендесе, корольдік қызылдан қызғылт-сары аймаққа өтеді. Осы межені қонақ үй, дәмхана, шарапханалар мен мейрамханалар, сондай-ақ дәрігерлер де асыға күтіп жүр. Себебі тоқтаусыз жұмыс істеп шаршаған ақ халатты жандардың жазғы демалысқа шығуына жақсы мүмкіндік туады. Туристер нөпіріне де жол ашылады.

Ив Ван Лаэтхем, Коронавируспен күрес штабының ресми өкілі:

– Коронавирус індетінің беті қайтып, бұдан да жақсы болады деп сенеміз. Бұған вакциналау қарқыны мен қолайлы ауа райы себеп болуда. Эпидахуал көптен бері жақсармап еді.

Сарапшылардың айтуынша, қазір Бельгияда «Альфа» деп аталатын британиялық штамм кеңінен таралған. Мутацияның бұл түрін науқастардың 80 проценттен астамы жұқтырыпты. 8 проценті үндінің «Дельта» штаммына шалдыққан. Негізінен індетпен вакцина салдырмаған жастар ауырып жатыр.

Ив Ван Лаэтхем, Коронавируспен күрес штабының ресми өкілі:

– 1 маусымға дейінгі мәлімет бойынша, 4,6 миллионнан астам азамат екпенің бір дозасын, ал 2 миллионнан астамы 2 дозасын алған. Жарты миллионға жуық тұрғын толық вакциналанған. Бұл санатқа екінші екпені салдырғаннан кейін 2 апта өткен адамдар жатады.

Вакциналау кезең-кезеңімен іске асуда. Қариялар, медицина қызметкерлері мен полицейлер екпені елден бұрын салдарған еді. Келесі аптада 30 жастағы тұрғындар шақырылады. Ал жасы 18-ден асқандар қазірден кезекке тұруына болады.

 Авторлары: Ернат Мелсұлы, Жанат Эрнст.