Грузияда үйлену тойларына рұқсат берілді

Ковид кезінде некелесудің шарттары көбейген.

Бетперде кию мен термоскрининг – міндетті рәсім. Залдағы қонақтар саны 10-нан аспауы тиіс. Десе де тойшыл қауым осыған да шүкіршілік етеді.

Георгий Маглакелидзе, күйеу жігіт:

– Некелесуді 6 ай бұрын жоспарлағанбыз, шақыратын қонақтарымыз өте көп болатын. Бірақ індет бәрін өзгертті. Мейрамханалар да ашылмай қойды. Сосын екеуіміз ғана Әділет бөліміне барып, некелесе салайық деген ойға келдік. Абырой болғанда, неке қию сарайы ашылды. Оның үстіне ата-анамызды, жақындарымызды шақыруға да рұқсат берілді. Өте қуаныштымыз.

Қазір Грузияда некені 2 жолмен тіркеуге болады. Бірі – Әділет үйінде, екіншісі – мемлекеттік тіркеушіні мейрамханаға шақыру. Бір қызығы, Грузияда некесін қидыратын шетелдіктер көп екен. Мұның сырын мамандардан сұрап білдік.

Ирина Потанина, үйлену агенттігінің директоры:

– Грузияда некені тіркету үшін шетелдік төлқұжат болса болғаны. Егер сіздің екінші некеңіз болса, онда ажырасқаныңыз туралы куәлік және ортақ балаларыңыздың туу туралы куәлігі керек. Бірақ бұл әлемдегі ең қарапайым және өте тез жасалатын рәсімдердің бірі.

Бірақ бәрібір тойға 10-нан артық қонақ шақыра алмайсыз. Бұл талапты бұзған жеке тұлғаларға 600 доллар, ал заңды тұлғаларға кемінде 3 мың доллар айыппұл салынады.

Авторлары: Жадыра Медетбек, Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина.